11 қаз, 2022 сағат 19:34

Нұржан Әлтаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген - ОСК


11 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Лингвистикалық емтихан үш кезеңде өткізілді: жазба жұмысын орындау, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу.

Емтихан аяқталған соң, комиссия алқалы талқылау өткізіп, қорытындылады" - делінген хабарламада.

Отырыстың қорытындысын лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов баяндаған.

"Кандидат «Біртұтас Алаш идеясы» тақырыбына жазба жұмысын орындады. Жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Бабалар аманаты» тақырыбына он бес минут көлемінде ойын ауызша жеткізді.

Лингвистикалық комиссия емтихан қорытындысында ҚР Президенттігіне кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады.