16 қаз, 2019 сағат 08:53

Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуге сапарына қатысты видео жарияланды

Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының 7-ші саммиті өткен Бакуге сапарынан видео жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр.

«Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан мен Мажарстан есебінен толықты. Бұл біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды», - деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, Түркі кеңесін одан әрі дамыту үшін екі ұсыныс айтты.

2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан еді.