03 ақп, 2017 сағат 19:47

Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәлімдеме жасады (толық мәтін)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша сөз сөйледі. Ұлт порталы мәлімдеменің толық мәтінін назарларыңызға ұсынады.

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысына және кадрлық өзгерістерге қатысты мәлімдемесі

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген өте маңызды жиыны өтті. Оған әкімдер де қатысты. Үкімет мүшелерінің сөзінде де, менің қорытынды сөзімде де 2016 жылдың қорытындысы жасалып, барлық жағдай егжей-тегжейлі талқыланды.

Жылдың басынан бері жасалып жатқан шаруалар баршаға белгілі.

Екі үлкен мәселе бар. Біріншісі – саяси реформалар: Конституцияға өзгерістер енгізу. Екіншісі – «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты жолдау.

Осыған байланысты хабардар етейін дегенім – кадр мәселесі бойынша біраз өзгерістер жасадық.

«Бәйтерек» ұжымында жасалған тексеріс қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрі Бишімбаев қызметтен босатылды. Оның орнына Тимур Сүлейменов министр болып тағайындалды. Ол – сауатты, тәжірибесі мол азамат, Мәскеуде жұмыс істеп келді. Алдында сол министрлікте орынбасар болған. Дайындығы жақсы деп, оған сенім артамыз.

Екіншіден, екі министрлікті бөліп, Денсаулық сақтау министрлігін жеке құрған себебіміз – бұл саладағы сақтандыру мәселесіне байланысты көп жұмыс бар. Халыққа соны түсіндіріп, іске асыру керек. Себебі, бұл – халыққа және денсаулық сақтау жүйесіне өте қажет мәселе. Америкада оқып келіп, Назарбаев Университетінде жұмыс істеген Елжан Біртанов министр қызметіне тағайындалды. Ол сол министрлікте орынбасар болған. Жұмысты атқара алады деп сенемін.

Үшіншіден, Қазақстанның Ресейдегі елшісін тағайындадым. Ол – Иманғали Тасмағамбетов. Біріншіден, Ресей – біз үшін көрші әрі әріптес, экономика мен саяси тұрғыдан өте жақын мемлекет. Ол жерге өте беделді, тәжірибелі, салмақты, Қазақстан мен Ресей арасындағы жағдайды білетін тұлға қажет болғаннан кейін осындай шешім қабылдадым. Екіншіден, Тасмағамбетовтің қалауы солай болды. Ойы мен тілегін ескеріп, екі жағынан да сай келетін болғандықтан, оны сол қызметке тағайындадым.

Премьер-Министр орынбасарларының аз болғаны жөн, министрлер өз шаруасын атқаруы керек. Ешкімге сілтемей, ешкімге сүйенбей, берген мәселені шешіп, өздері жауап беруі керек. Міне, мен осы мәселелер жөнінде айтайын деген едім.