11 мам, 2021 сағат 20:12

Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты


Нұрсұлтан Назарбаев Музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.

Театрда Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады.

Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше театрда тек қазақ актерлері ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетпек. Төрт қабатты мәдениет ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған. Мұнда вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда көрерменге және қызметтік персоналға шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігер де қарастырылған.

Театардың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Қазір актерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлер мен композиторлар, менеджерлер бар.

«Сан ғасырлық тарихы бар осындай киелі өлкедегі өнер ордасы Елбасының бастамасы, қолдауымен салынды. Бұл өнер орталығының ерекшелігі және концепциясы - преформативті театр атануында. Яғни, қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлері де келісімшарт негізінде осында жұмыс істейді. Театрға жас баллет труппасы, хор, опера әртістері, драма актерлерін кастинг арқылы алып жатырмыз. 25 жасқа дейінгі жас актерлерді осында үш жылға оқытып, түрлі курстар, қойылмдар арқылы шеберлігін шыңдаймыз. Алыс-жақын шетелден, республиканың әр өңірінен талантты жас режиссерлер, сценографтар, хореографтар, актерлерді жинап жатырмыз. Талантты жастардың ішінде «Belcanto» Вена академиясының түлегі Айя Шәріп, танымал композитор Хамит Шанғалиев, «Watanabe Buber» балет академиясын, Ваганова атындағы орыс балет академиясын бітірген Мао Сакай сынды прима-балериналарымыз бар. Театрдың алға қойған жоспары көп», - дейді Айнұр Көпбасарова.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Театр басшылығының мәліметінше, алғашқы қойылым 5 қыркүйекте көрермен назарына ұсынылады. Оған дейін сахнаны безендіру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.


Соңында Елбасы театр әртістерімен сөйлесті, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.

– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды  одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

–  Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл - шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.