Әкімдер мен министрлер орын алған проблемаларға қатысты халық алдына шығып, жауап беруден қорықпауы керек. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы. Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек. Бізде халыққа шығып, бұл сұрақтарға жауап беруден қорықпайтын, проблемаларды шешетін әкімдер де, министрлер де бар. Бердібек Мәшбекұлы (ҚР Үкімет басшысының орынбасары Сапарбаев), вице-премьер болып тағайындалуыңмен құттықтаймын. Баяғыдан бері осы жер сенің орның еді. Төрт облыста әкім болдың. Соның бәрін көрдің. Бастаған кезде халықтың арасында жүрдік сол уақытта. Елмен сөйлесіп жүрдік. Айтқанымызды ел түсініп жүрді», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев шағын проблемаларды жедел шешу қажеттігіне назар аударды.
«Адамдарды өміріндегі ең кішкентай мәселелер толғандырады. Мәселен, су жоқ. Бұл әкім үшін деңгей емес қой, иә? Сумен айналысудың қажеті қанша? Ал адамдар үшін – бұл өмірінің мәні. Ауылда жол жоқ. Бұл ол үшін – өмірі, ал біздер үшін – болмашы нәрсе. Біздер жаһандық мәселелерге құлаш сермейміз. Сондықтан адамдарға жақын болу керек. Партияның қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеуі тиіс», - деді Тұңғыш Президент.
Сондай-ақ, ол әкімдер мен министрлер партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс екенін ескертті.
«Мұнан да жаманы - кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. Партия былай, мен былай, өзіме өзім осы жерде бастықпын. «Nur Otan-ның» барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін үлгі етті.
«Малайзияда министрлер, Премьер-Министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз», - деді Елбасы.