30 қар, 2020 сағат 08:18

«Нұрсұлтан Назарбаев факторы» термині негізсіз пайда болған жоқ - Мұхтар Жұмағазиев

Әлемдік саясаттануда табысты прагматикалық саясаткердің, реформатордың, еуразиялық интеграцияны жақтаушының факторы – «Нұрсұлтан Назарбаев факторы» термині негізсіз пайда болған жоқ. Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев білімді адамның санасындағы жоғары игілікті көре білді. Абай еңбек, халық үшін қызмет ету адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетінің өлшемі екенін атап өткен еді. 

Қоғам қайраткерінің, саясаткердің тағдыры – оның барлық қызметінің елге танымал болуына орай жұртшылықтың айрықша назарында өтіп жатыр.

Қазақстан – көпұлтты, көптеген діндері мен конфессиялары бар ел және бұл фактінің маңыздылығы да жоғары болды. Тәуелсіздік жылдарындағы дербес жолында Қазақстан ең бастысы – өз аумағындағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтай алды. Бұл ретте елдің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекші рөл атқарғаны сөзсіз. Көпұлтты факторды республиканың шынайы игілігіне айналдыра алатын көшбасшы – тұрақтылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың шынайы кепілі», - дейді депутат.

Сенатордың айтуынша, ҚР Тұңғыш Президентінің өмірбаяны ел мен халықтың қазіргі тарихымен бірге қаралады. 

«Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылы республика президенті болып сайланып, ел мен оның азаматтары үшін зор жауапкершілікті өз мойнына алды. Ол идеялардың генераторы, мемлекет үшін күрделі және маңызды процестердің модераторы болды.

Қазақстанның барлық ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екені сөзсіз.

1991 жылғы 1 желтоқсанда бірінші бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты республика президенті лауазымына қайта сайлаған халықтың таңдауы егеменді мемлекеттің тарихында тағдыршешті шешім болған еді. Еліміздің Тұңғыш Президентінің 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қоюы қазіргі Қазақстан тарихындағы бетбұрыс болды.

Конституцияны қабылдау, мемлекет рәміздерін – Туды, Елтаңбаны, Гимнді бекіту, ұлттық валютаны енгізу, Қарулы Күштерді құру, мемлекеттік шекараларды заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу – осының бәрі мемлекеттіліктің қалыптасуының негізгі кезеңдеріне айналды. 

Одақ ыдырағаннан кейінгі аса ауыр дағдарыс жағдайында елдің басшылығының алдында реформалардың іске асырылу ретін таңдау, даму басымдықтарын таңдау деген қиын мәселе тұрды. Өз мемлекеттілігін нығайта отырып, жас Қазақстан егеменді ел дамуының басты басымдығы ретінде экономикаға қателіксіз үміт артқан шешім жасады. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидат өзінің өміршеңдігін көрсетті және өзін толығымен ақтады. Экономикалық тұрғыдан жаулап алуларға арқа сүйей отырып, ел бұл саясатты сәтті түрде ырықтандыра алды», - дейді ол. 

Мұхтар Жұмағазиев атап өткендей, елдің мүдделерін әскери күшпен емес, оның экономикалық жағдайымен, гуманистік тұрғыдан қайта жаңғыру бағытымен, мәдениеттің тартымдылығымен қорғау Н.Назарбаев мұқият түрде дамытқан ұлттық идеяға айналды. 

«Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – қоғамдық құрметке ие әрі халықаралық тұрғыда мойындалған жаһандық және өңірлік бастамалардың авторы. Оның ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы және Қазақстанды халықаралық аренада толыққанды ойыншыға айналдырған дұрыс сыртқы саяси бағытты айқындаудағы рөліне баға жеткісіз. Семей ядролық полигонының жабылуы және бейбіт атом саласындағы бастамалар, терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, ХВҚ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардағы белсенді рөлі, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу – тарихи триумфтың және Нұрсұлтан Назарбаевты жаһандық ауқымдағы бірегей реформатор және саясаткер ретінде танудың дәлелі.

Құқықтық мемлекет құру, заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету – Елбасының тағы бір еңбегі. Елде демократияның базалық қағидаты – билікті үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу тиімді түрде іске асырылды. Демократияның маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Бұл тұрғыда Парламенттің жауапкершілігі артады, оның бірінші кезектегі міндеті елдің қоғамдық өмірінің барлық салаларында сапалы заңнамалық базаны қамтамасыз ету болып табылады. Тәуелсіздік жылдары Парламент қабылдаған заңдардың біздің мемлекетіміздің дамуының берік құқықтық тұғырнамасына айналғаны, егемен Қазақстанның бейбітшілік, демократия, орнықты экономикалық және әлеуметтік прогресс жолында сенімді ілгерілеуіне ықпал еткені маңызды», - деп пікір білдірді сенатор.

Оның сөзінше, Қазақстан Тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде құрылған Президенттік институты мемлекеттіліктің өзекті элементіне айналғанын, басқарудың жаңа құрылымының негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік бергенін, экономикадағы өтпелі кезеңді еңсеруге, саяси жүйені реформалауға жағдай жасағандығын тарих дәлелдеп берді. 

«Өзгерістердің күрделі кезеңінде биліктің бір негізгі институтқа жинақталуы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи даналығы мен стратегиялық көрегендігін көрсетті.

Бірақ өмір бір орнында тұрмайды, жаңа сын-қатерлер туындауда, жаңа міндеттер қойылуда. Ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдау, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру Елбасының бірнеше онжылдыққа алға қарай білетін бірегей қасиетін тағы да дәлелдеп отыр, өйткені мықты мемлекет жан бағу саясатымен емес, жоспарлай білу, ұзақ мерзімді даму және экономикалық тұрғыдан өсу саясатымен айналысады.

Тәуелсіздік алған күннен бастап елеулі жолды жүріп өткен Қазақстан – қазіргі таңда ірі экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми, мәдени әлеуеті және жаңа инновациялық технологиялары бар, саяси тұрғыдан тұрақты және серпінді дамып келе жатқан мемлекет.

Бірақ біздің көпшілігіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайды жақсы білеміз. Бұл экономикалық байланыстардың құлдыраған, дағдарыс пен жұмыссыздық, белгісіз болашаққа деген қорқыныш орын алған және миллиондаған қарапайым адамдардың ойы шашыраңқы күйде болған уақыт еді.

Тарихи көшбасшылар өздерінің ойлау ауқымына қарай әрекет етеді деген тұжырым бар. Әлемдік саясаттануда табысты прагматикалық саясаткердің, реформатордың, еуразиялық интеграцияны жақтаушының факторы – «Нұрсұлтан Назарбаев факторы» термині негізсіз пайда болған жоқ.

Егер мемлекеттің осындай жаһандық жетістікке жетуіне негіз не болды деген сұрақ жөнінде ойланатын болсақ, ол сұраққа жауап айқын – тарихтың ең жауапты кезеңінде республиканы алдын ала болжай білетін қабілеті мен батыл саяси ерік-жігері бар, көпұлтты халықты біріктіріп, шоғырландыруға және біртұтас ұлтты өркендеуге жетелей білген Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. 

Бұл – орын алған ақиқат және біздің Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегі. Өйткені, біздің дана бабаларымыз айтқандай: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра білген басшы мақсатына жетеді», - деп түйіндеді ойын Сенат депутаты.