20 қар, 2020 сағат 17:00

Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы тарифтерді көтеру туралы Air Astana пікіріне жауап берді

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз қызметі Air Astana әуе компаниясының тарифтерді көтеру туралы БАҚ-тағы жарияланымдарына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ биылғы қыркүйек айында Табиғи монополиялар саласындағы ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органға (ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті) 2021-2025 жылдар кезеңіне арналған «Ішкі әуе желілерінде әуе кемесінің ұшып-қонуын қамтамасыз ету» қызметі бойынша тарифті бекітуге өтінім мен инвестициялық бағдарлама жіберді.

ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 15-бабы 2-тармағына сәйкес ұшу-қону тарифі бес жыл және одан көп мерзімге белгіленеді.

Өз кезегінде, заңның 21-бабы 5-тармағына сәйкес инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданылу мерзіміне қарай бекітіледі. Инвестициялық бағдарлама жобасы аясында ұшу алаңын күтіп ұстау мен ұшу қауіпсіздігі жұмыстарын қамтамасыз етуге 48 арнайы техника мен тетіктерді сатып алу жоспарланған.

Қазіргі тариф 2003 жылы белгілен және 17 жыл бойы өзгермеген. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың қазіргі талаптарын орындау үшін әуежай уәкілетті органға тарифтерді бекіту өтінімімен жүгінуге міндетті.

«Бұл өтінімде COVID-19 пандемиясына байланысты әуежай шығындары, ұшу-қону жолағын, перрон мен тұрақ орындарын күрделі жөндеуге жоспарланған шығындар ескерілген жоқ», - деп атап өтті әуежайдың баспасөз қызметі.

Одан бөлек, тарифтерді өзгерту рәсімі өте көп жұмысты қажет етеді: өтінімнің өзін дайындауға 6 айдан астам уақыт керек, мұнымен 5 білікті маман жұмыс істеді және талап етілетін құжат көлемі 9 мыңға жуық парақтан (8 896 бет) тұрады. Уәкілетті орган өтінімді 180 күнтізбелік күнде қарастырады.

Нұр-Сұлтан әуежайындағы реттелетін тарифтер деңгейі Қазақстан мен әлемдегі басқа әуежайларға қарағанда айтарлықтай төмен. Мәселен, аталған бір қызмет құны әлемнің басқа әуежайларында орта есеппен 3 есе жоғары (мысалы РФ және көрші елдердің әуежайларында ұшу-қону құны 10 доллардан асады, ал Нұр-Сұлтанда 3 доллардан да аз).

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан әуежайы коммерциялық кәсіпорын болып саналады және басқа кәсіпорындарды өз есебінен субсидиялай алмайды. Мемлекеттік бюджеттен тікелей транштар жүргізілмейді. Қазақстан әуежайларындағы тарифтерді тұрақты ұстап тұру барлығын – қауіпсіздік пен қызметкерлердің жалақысын үнемдеуге мәжбүрлейді. Әуежай қызметкерлерінің жалақы деңгейі дәл осындай функцияларды орындайтын әуе компаниялардың қызметкерлеріне қарағанда бірнеше есе төмен.

Мұндай қаражат жетіспеушілігі жағдайы болашақта ұшу қауіпсіздігіне, инфрақұрылымның жай-күйіне және әуежай қызметтерінің сапасына кері ықпалын тигізеді. Әуежайларды жабдықтау керек.

Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында астаналық әуежай барлық әлемдік стандарттар бойынша жабдықталған және заманауи арнайы техникалары бар. Әуежай жыл сайын сертификаттаудан өтеді, тренингтер өткізеді және қызметкерлерді оқытады. Бұл ретте жерде қызмет көрсететін Air Astana қызметтері уәкілетті органдардың сертификаттауынан өтпейді.

«А.Қошқарбаев мырзаның ұшу тарифтерін ұстап тұру бойынша ішкі резервтердің жоқтығы туралы пікіріне келсек, біз авиакомпанияның шетелдік менеджерлеріне төленетін бонустар, жоғары лизингтік мөлшерлемелері, БАҚ қызметтерін төлеуге және басқа да шығындары түріндегі өз резервтері жеткілікті деп есептейміз. Әуе тасымалдаушының осындай пікірлерінен кейін уәкілетті органның біздің өтінішімізге қатысты шешімі объективті болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті Астана әуежайының баспасөз қызметі.