12 қар, 2019 сағат 09:33

Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК және ЕҚЫҰ ұйымдарын біріктіруді ұсынды

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия қауіпсіздігін қамтамасыз етуде АӨСШК мен ЕҚЫҰ ұйымдарын біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі дағдарыстық жағдай мен жаңа сын-қатерлер мерзімі жеткен диалогты орнату мүмкіндігін ашады. Үлкен Еуразияның жаңа ойын ережелерін анықтау қажеттігі шүбәсіз деп ойлаймын. Бұл туралы көптеген форумдарда айтып келемін», - деді Елбасы Astana Club пленарлық отырысының ашылуында.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі мен Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының күшін біріктіруді ұсынды.

«Жалпықұрлықтық қауіпсіздік архитектурасын қалыптастырудың жаңа тәсілдерін сыни тұрғыда қарастырған жөн. Еуропа мен Азияның аймақтық қауіпсіздік жүйесін біріктіретін толыққанды Еуразиялық қауіпсіздік үлгісін жасайтын кез келді. 2020 жылы ЕҚЫҰ-дағы Астана декларациясының қабылданғанына 10 жыл толады. Онда Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік бірыңғай қауымдастығын құрудың маңызы айтылған еді. Бұл мәселелерді Азияның 27 мемлекетін біріктіретін АӨСШК мен ЕҚЫҰ әлеуметтерін біріктіру арқылы тиімді шешуге болады. Екі ұйымды біріктіру арқылы Еуразияның жаһандық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады», - деді ол.

Елбасының айтуынша, бұл бастаманы Astana club сарапшылары да қолдады. Сауалнамада олардың 65 пайызы екі құрылымды біріктіру арқылы Еуразия қауіпсіздігі мәселесін тиімді шешуге болады деп пікір білдірген.

«Осы тақырып бойынша АӨСШК және ЕҚЫҰ сарапшылары мен дипломаттары арасында келіссөзді жалғастыруды ұсынамын. Мұнда біздің клуб (Astana club – ред.) платформасын пайдалануға болады. Диалогтың бұл форматы жоғары саяси деңгейдегі келіссөзді ұйымдастыру үшін дайындық кезеңі бола алар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.