14 мау, 2017 сағат 12:27

Нұротандықтар аймақ тынысымен танысты

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев жұмыс сапарымен Ақсу ауданында болып қайтты. Іссапар барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, Ақсу қант зауытының бүгінгі тіршілігімен танысты. Сонымен бірге аудан халқымен жүздесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын түсіндірді. Бұдан соң жергілікті тұрғындармен жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, өтініш-тілектеріне құлақ асты.

Қант зауытындағы тіршілік

Өңірде жүріп жатқан жұмыстармен Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев, аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов және аталмыш партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күләйхан Дәулетбекова таныстырды. Ғалиасқар Төлендіұлы алдымен «Ақсу қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Кәсіпорынға кіребере тіршілік тамырына қайта қан жүгіре бастағаны бірден аңғарылды. Олай деуге негіз бар. Себебі, жұмысшылар білек сыбана іске кірісіп, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Ескірген құрылғылар қайта жөндеуден өткізіліп, зауыттың мерзімінен кешіктірілімей іске қосылуына дайындық қызу жүріп жатты. Бас инженер Владимир Юшков кәсіпорынды аралатып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетті. Мамыр айынан басталған жөндеу жұмыстары күзге дейін жалғаспақ. Бұл жерде қазір жүзден аса адам еңбекке тартылған. Жаз ортасында олардың саны тағы өсіп, қазан айында жеті жүзге жуықтамақ. Айта кетейік, жөндеу жүргізу үшін биыл 8 млрд. теңге қаражат қарастырылыпты, ал келесі жылы 5 млрд. теңге бөлінбек. 

Балабақша бой көтеруде

Келесі кезекте «нұротандықтар» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңадан бой көтеріп жатқан балабақшаға келді. Жансүгіров ауылында сәуір айынан бері құрылысы жүріп жатқан аталмыш нысан қарашада пайдалануға берілмек. Ғимаратты «Туған жерге туыңды тік» атты акциясы аясында «Данияр» шаруа қожалығының иесі, ауыл тумасы Талғат Жуанышев деген азамат өз қаражаты есебінен салуда. Алдағы уақытта бұл жерде үш пен алты жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленіп, жиырмаға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Кәсіпкердің айтуынша, елу орынды жаңа бақшада балаға қажетті жағдайдың бәрі қарастырылмақ. Сондай-ақ, биыл ауданда тағы елу орынды балабақша ашу көзделген. Бұған қоса, Қарасу орта мектебіндегі шағын орталық жанынан 13 орынды, Қ. Мұқашев атындағы негізгі орта мектебі жанынан 13 орынды қосымша топтар ашу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, мұндай жақсы үрдістер алдағы жылдарда да жалғаспақ. 

Кедергісіз келешек

Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары аудандық орталық аурухана мен Молықбай атындағы Мәдениет үйіне де бас сұғып, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ғимараттардың кіреберіс тұсында орнатылған пандустарға назар аударды. Бұл жердегі жұмыс жайын аталмыш аурухананың басшысы Асқар Балтабаев айтып берді. Бас дәрігердің сөзіне жүгінсек, аурухана бүгінде барлық талапқа сай қызмет атқарып жатқан көрінеді. Қажетті құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз етіліпті. Туу көрсеткіші де жаман емес. Мәселен, биылдың бес айында төрт жүзге жуық сәби дүниеге келіпті. Десек те, бұл сала бойынша қазір акушер-гинеколог, хирург сияқты дәрігер мамандар жетіспейді. Соған қарамастан, осы бағыт бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, былтыр бірнеше жас маман қызметке қабылданған. Оларға аудан тарапынан барынша жағдай жасалып, баспанамен де қамтамасыз етіліпті. Биыл тағы алты дәрігер келмек. Осыдан қырық жыл бұрын салынған үш қабатты ғимарат ауласы бүгінде абаттандыру мен күрделі жөндеу жұмыстарын талап етуде. 

Елбасы мақаласы түсіндірілді

Бұдан соң аудандық әкімдікте жиын өтті. Оған аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, өңірдегі қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастар қатысты. Жиында Ғалиасқар Төлендіұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген бағыттарды жеке-жеке талқылап, мән-мағынасын түсіндірді. Осы жөніндегі ойын ортаға салып, тәуелсіз мемлекетіміздің жиырма бес жыл ішінде қол жеткізген тың табыстары мен аталған мақаланың тәуелсіз мемлекетіміздің рухани жаңғыруының бастауы екендігін сөз етті. Осыған орай ел экономикасын дамытудағы жаңа өзгерістерге, ғылым мен білім жетістіктеріне, сана-сезімді қалыптастырып, мәдениетті өркендетуге назар аударып, қазақ тілінің мәнін арттырудағы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. Жастармен де етене жақын жұмыс істеп, оларды отансүйгіштікке баулуға, жаңа технологияларды меңгертуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, «Экспо –2017» көрмесін табысты өткізуге атсалысу қажеттігін атап өтті.  Осылайша, өркениетті елдердің қатарына кірігу бағытында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесе еңбек етуге үндеп, жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Келесі кезекте мінберге көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Аманкелді Айтбаев, Е. Сиқымбаев атындағы орта мектеп директоры, облыстық мәслихат депутаты Рахат Ибраймова, аудандық Мәдениет үйінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Асхат Досмұхамбетов мақалаға байланысты ойларын ортаға тастап, көпшілікпен бөлісті. 

Қоғамдық қабылдау

Келесі кезекте аталмыш партияның аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өтіп, азаматтардың өтініш-тілектері тыңдалды. Мәселен, Ақсубай Әлиасқарұлы Егінсу ауылы жастарының бір мезгіл бас қосып, бой сергітетін орындарының жоқтығына байланысты Мәдениет үйі ғимаратының қажет екенін айтса, Қапал ауылының тұрғыны Серік Қожатаев қазіргі таңда жас мамандардың ауылға көптеп келуіне және олардың сол жерде тұрақтап, жұмыс істеуі үшін баспана мәселесінің кедергі келтіріп отырғанын алға тартты. Б. Сырттанов ауылынан келген Махаббат Нұрмұхаматқызы да ойын жеткізіп, ауыл жолдарын жасауға қаражат бөлінсе деген игі тілегін айтты. Іссапар соңында Ғалиасқар Төлендіұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарас танытып, баға берді.

Айгүл Байбосынова