10 мам, 2017 сағат 17:01

«Нұрлы жолмен» баспаналы болу тиімді

Еліміздегі өзекті проблемалардың бірі – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Осы орайда, тұрғын үй құрылысы мәселелерін шешу мақсатында Елбасы тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама – ұзақ мерзімге жоспарланған және тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелерді қамтитын кешенді  құжат.

Бағдарлама аясында 15 жылда 1,5 млн отбасын баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жеке тұрғын үй салу, ипотека алу, жалға берілетін үй, жер учаскелері және тағы басқа көптеген мәселелер осы бағдарлама аясында оң шешімін табатын болады.

2017-2031 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс бағдарламаның негізгі мақсаты – түрлі әлеуметтік топтардың тұрғын үйге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Біріншіден, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік әлсіз топтарды жалға берілетін үйлермен қамту; екіншіден, тұрақты жалақысы бар және бюджеттік сала қызметшілеріне құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана беру; үшіншіден, алғашқы жарна құюға мүмкіндігі бар азаматтарға екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекет субсидиялаған кредитпен тұрғын үй алуды ұсыну. Сондай-ақ, азаматтарға мемлекеттік қолдаумен жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мүмкіндігін беру.

Яғни, кез келген адам өз мүмкіндігіне сай тұрғын үй жағдайын жақсарта алады. Бағдарлама халықты жинақ жүйесінің артықшылықтарына, үй сатып алудың түрлі жолдарына, нарық талабына бейімдейді. Мемлекетке иек артпай, баспаналы болудың мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл жөнінде баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрлігі Жеңіс Қасымбек мырза бірнеше бағытқа тоқталып өткен. Бірінші бағыт, қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарға арналған сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін үйлер салу. Қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтар үнемі мемлекет қамқорлығында. Оларға тұрақты түрде көмек көрсетіледі. Сол көмектердің ең бастысы – олардың баспана мәселесін шешу. Бұл бағыт бойынша жыл сайын елімізде шамамен 3 мың пәтер салынады. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен қолдау.

Айта кету керек, Алматы облысында қазіргі таңда 15 мыңнан астам азамат әлеуметтік әлсіз топтар қатарында баспанаға кезекте тұр. 2017 жылы Алматы облысында 16 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл – 304 баспана. Оның 240 пәтері 2017 жылы, 64 пәтері 2018 жылы пайдалануға беріледі. Ал биыл 150 мың шаршы метр (2687 пәтер) сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін үйлер құрылысына 25 млрд теңге қарастырылған және өңірлер арасында 1,5 млрд теңгеден бөлінді.

Екінші бағыт – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Учаскені елге таратпай тұрып, жергілікті билік міндетті түрде инфрақұрылым жүргізуі тиіс. Бұл – негізгі талаптарының бірі. Жыл сайын 80 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 50 млрд теңге көпқабатты үйлерге инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге және 30 млрд теңге жеке тұрғын үй салуға көзделген. Облыс орталықтарында жеке үй құрылысының пилоттық жобасын іске асыру басталды. Пилоттық жоба бойынша бірыңғай сәулеттік стилде баспана салынады. Оған Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдары қолданылатын болады.

Алматы облысында пилоттық жоба бойынша жеке тұрғын үй құрылысы әлі басталған жоқ. Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Облыстың құрылыс аудандарына 494 шақырым инженерлік желі жүргізіледі. Оның ішінде жеке тұрғын үйге арналған 5232 жер учаскесін инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету көзделген. Облыста жер учаскесін алуға 140 мыңнан астам адам өтініш берген.

Үшінші бағыт – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу. Мұндағы басты мақсат – қаражатын жинақтаған кез келген адамның баспанаға қол жеткізуін қамтамасыз ету. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі елімізде сәтті жұмыс жасауда. Бұл – халық үшін ең оңтайлы жүйе. Өйткені 3 жылдық мерзімнен кейін қажетті соманың 50 пайызына қол жеткізген салымшылар жылдық 3,5 немесе 5 пайыздық зайымдар ала алады. Бұны нарықтағы басқа кредиттік пайыздарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан әрбір азамат мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндікті дұрыс пайдалануы қажет.

Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындарға өз қызметшілеріне баспана сатып алу үшін қажетті алғашқы жарна мөлшерін (15-30 пайыз) жинақтауға ықпал ету жолын қарастыру ұсынылды. Осы бағыт бойынша әкімдіктер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сомаға жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы 20 пайыздық мөлшерде белгіленді. Қазіргі таңда елімізде 800 мыңнан астам жинақ салымшысы бар. Бұл 435 млрд теңгені құрайды. Халықтың сұранысына сәйкес бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысын арттыру қолға алынды. Бір айта кетерлігі, 15 жыл ішінде 285 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Соның ішінде Алматы облысында 34 мың шаршы метр үй салынады. Бұл – 672 пәтер. Жинақ жүйесінде 36 мың салымшы болса (12 млрд қаржы жинақтаған), 35 мың адам кезекте тұр.

Төртінші бағыт – құрылыс салушы компанияларды баспана салуға ынталандыру. Осы мақсатта екінші деңгейдегі банктер арқылы оларға мемлекеттік субсидия беру көзделген. Бұған республикалық бюджеттен 11 млрд теңге қарастырылды. Құрылыс компаниялары екінші деңгейдегі банктерден алған кредиттерінің 7 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Бұл кұрылыс компанияларының кредиттерін жеңілдетуге берілген мүмкіндік. Осы арқылы 600 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Оның 50 пайызы Құрылыс жинақ банкі салымшыларына белгіленген бағада берілмекші. Бұл тұрғыда Алматы облысындағы құрылысты субсидиялауға 1 млрд теңге көзделіп отыр. Ал екінші деңгейдегі банк Ұлттық банктің базалық ставкасынан 5 пайыздан асырмай қарыз беруі тиіс.

Бесінші бағыт – жеңілдетілген ипотекалық кредит беру жүйесін арттыру.

Халық жаңадан салынған пәтерге қол жеткізуі үшін ипотеканы субсидиялау ұсынылды. Банктер пәтер алуға Астана және Алматы қалалары үшін 20 млн, ал өңірлер үшін 15 млн теңгеден аспайтын ипотекалық несие береді. Яғни, құрылыс жинақ қаражаты жоқ кез келген азамат екінші деңгейлі банктер арқылы пәтер сатып алу құқығына ие болады. Азаматтар баспана құнының бастапқы 30 пайыз жарнасын жинап, 10 пайыздық үстемемен мемлекет субсидиялаған несиені ала алады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырзаның пікірінше, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. «Бұл – 100 мың пәтер. Оның 1,5 млн шаршы метрі мемлекеттік инвестиция есебінен салынса, қазіргі таңда Алматы облысында 59 мың шаршы метр баспананың құрылысы жүргізілуде.  Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті. Бұл шаралар көптеген азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Ол жеке инвестиция тартумен және азаматтар жинағының негізінде жүзеге асады», – деді министр.

Баламалы энергия көздері  дамиды

Астанада ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаевтың қатысуымен өткен Хром кен орнын игеру халықаралық қауымдастық мүшелерінің кездесуінде «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың және тұтастай алғанда ERG-дың Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын және Мемлекет басшысының индустрия 4.0 элементтерін енгізе отырып үшінші жаңғыру жөніндегі жолдауын іске асыруда белсенді атсалысып келе жатқаны сөз болды.

Айдарбаев мырза халық санының артуы мен жаңа көлік түрлерінің дамуы баламалы энергетиканың жалпыәлемдік болат өнімінің артуына әкелетінін айтып, бұл өз кезегінде ферроқорыту өндірісін және тиісті шикізат базасын дамытуды талап ететініне тоқталды. Осыған орай, ICDA қызметі өзекті және сұранысқа ие болмақ. Сондай-ақ, ол «Қаз­­­­­­хром»­­ ТҰК» АҚ-тың ферроқорыту өндірісін дамыту және жаңа қуатты іске қосуда Қарағанды облысында салынып жатқан кешенді қорытпалар зауытының үзіліссіз жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Елбасының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін өнеркәсіптің базалық салаларын технологиялық қайта қаруландыру жөніндегі кешенді шараларды әзірлеу бойынша, Үкімет төртінші өнеркәсіптік төңкерістің элементтерін енгізу  жұмыстарын іске асырып жатқаны айтылды. Әлемдік хром өнеркәсібінде Қазақстанның алатын орны ерекше және хром кенін өндіру бойынша екінші және феррохром өндірісі бойынша үшінші орындарға ие. Бұдан басқа хром кенін және феррохромды экспорттаудың көлемі бойынша Оңтүстік Африкадан кейін екінші орында.

ICDA (Хром кен орнын игеру бойынша халықаралық қауымдастық) қатысушыларының жиналысы өнеркәсіптік экожүйесінің өндіру, өңдеу, тұтыну, сату және қызмет көрсету сияқты барлық салалары ішіндегі жоғары деңгейдегі әлемдік хром өнеркәсібінің кәсібилерінің кездесуі болып табылады. Шараға қатысқан 150 делегат өнеркәсіптің негізгі мәселелерін талқылады және соңғы макроэкономикалық тенденцияларды талдады. Нарықтың жаңа қозғалысты күші сонымен қатар хром өнеркәсібі бойынша басқа да соңғы мәліметтері сарапталды.

Инвестиция тартудың ұлттық жобасы

  «Kazakh Invest» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның қолдауымен инвестиция тарту мен сақтап қалу Ұлттық стратегия жобасының және «Kazakh Invest» компаниясының таныстырылымы кезінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Әлем Банкінің инвестициялық ахуал мәселелері бойынша офис басшысы Иван Нимак, «Kazakh Invest» Ұлттық Компания» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев, «Kazakh Invest» Ұлттық Компания» АҚ Директорлар Кеңесінің тәуелсіз мүшесі Альпаслан Коркмаз сөз сөйледі.

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымына кіреді. Ол шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерлету жүйесінің ұлттық операторы, сондай-ақ шетел инвесторларын тарту және олармен жұмыс істеу жөніндегі мамандандырылған мемлекеттік компания.

Мемлекеттің экономикасына инвестиция тарту – Қазақстанның мемлекеттік басымдықтарының бірі. Инвестиция тарту бойынша жетекші орынды сақтау туралы Елбасының халыққа жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында, аймақта қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі екі бағытта жұмыс істеуде. Бұл – инвестиция тарту және сақтап қалу бойынша мемлекеттік стратегияны әзірлеу және «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясын іске қосу.

Әлем банкінің инвестициялық климат мәселелері бойынша офис басшысы Иван Нимак ұлттық стратегия жобасын таныстыра келе: «Қазіргі таңда тиімділікті іздеген инвесторлардың Қазақстанға назар аударғандары жөн болады. Оларға ұзақ мерзімді инвестициядан пайданы барынша көбейтуге мүмкіндік беретін ыңғайлы инвестициялық ахуал қызықты. Басқа дамушы нарықтар арасында Қазақстанның тартымды екеніне осындай инвесторлардың көзін жеткізу қажет. Ол үшін Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын анықтайтын күштерді шоғырландыру керек.  Сонда экономиканың маңызды секторларына инвестиция тарту жеңіл болады», – деді.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның инвесторлармен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы, міндеті мен мақсаты туралы басқарма төрағасы Мақсат Қабашев айтып өтті. Оның негізгі міндеті – Қазақстан Үкіметі атынан ірі инвесторлармен және мақсатты трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізу. Осыған байланысты «Kazakh Invest» басты функционалдық міндеті шетелдік инвесторға Қазақстанда идеядан бастап өндірістің ашылуына  және оның экспортқа шығуына дейін толық қолдау көрсету, яғни инвестициялық жобаның іске асуының барлық кезеңінде қолдау көрсету. Ол мемлекет экономикасына инвестиция тартудың айтарлықтай тиімді де ұтымды және бизнеске бағытталған үлгісіне өту деген сөз.

Kazakh Invest «Бір терезе» қағидатына сүйене отырып, инвесторлардың ҚР мемлекеттік органдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін жоятын немесе азайтатын қызметті іске асыратын болады. «Kazakh Invest» инвесторларға көрсететін мемлекеттік қызметтер жүйесінде бірыңғай рұқсат нүктесіне айналады, оның ішіне инвестициялық жеңілдіктер түрінде инвесторларға мемлекеттік қолдау, сонымен қатар алдағы инвестициялық жобаларды іске асыруға және пайдалануға қажетті түрлі рұқсаттар мен келісулерді беру кіреді. Бұл ретте іс жүзінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша шешімдерді жауапты мемлекеттік органдар қабылдаса, «Kazakh Invest» рөлі қажетті құжаттарды жинау, мәжіліс барысында инвестор ықыласын ұсыну, рұқсат етілетін құжаттарды беру болып саналады.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мақсат Қабашевтің  айтуы бойынша, шетелдік инвестордың Қазақстандағы бүгінгі жетістігі – ол мемлекеттің ертеңгі гүлденуі.

Еңбек қауіпсіздігі басты назарда

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша жыл сайынғы «KIOSH-2017» 7-ші Қазақстан халықаралық конференциясы және көрме ашылды. Шара Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне байланысты ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін кәсіпорындардағы жарақаттануды азайтуға, өндірістік нысандардағы апат қаупін азайтуға, қоршаған орта мен қоғамға келтірілетін ықтимал шығынды барынша азайтуға, кәсіби аурулардың алдын алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағыттау.

Шараға «Еңбек қызметінің барысында жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау және еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз ету», «Жеке және ұжымдық қорғау құралдарын қамтамасыз етудің және сертификаттаудың өзекті мәселелері», «Еңбекті қорғаудағы теория мен тәжірибені біріктіру артықшылықтары мен мүмкіншіліктері, ғылыми қызметтегі жаңа нәтижелер, реформалар, заманауи үрдістер», «Қазақ­­станның қауіпті өндірістік нысандарындағы қауіпсіздікті, соның ішінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Жұмыс орындарындағы маманның денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ алғашқы көмек көрсетудің маңыздылығы» тақырыптарына арналған 5 сессия кірді.

«Қазақстан Республикасының қауіпті өндірістік нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайы туралы» тақырыбымен шараның бірінші сессиясының алғашқы күні ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев баяндама жасады.

Анар Лепесова,

"Түркістан" газеті