18 қар, 2016 сағат 14:29

«Нұрлы жол» қаржысы қалай игерілуде? Н.Сабильяновпен сұхбат

Жақында Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланған еді. Жиында атқарылған жұмыстармен қатар, бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың қалай игеріліп жатқаны жөнінде де сөз болды. Отырыс аяқталған соң, осы мәселелерге байланысты Мәжілістің Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновпен әңгімелескен едік.

– Мемлекет басшысының 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы жария етілген соң, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінетін қаражаттың игерілуін бақылау үшін Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанынан комиссиялар құрылған еді, – деп бастады сөзін Нұртай Салихұлы біздің қойған сұрағымызға толыққанды жауап беруге ниеттеніп. – Комиссияларға мүше депутаттар жұмыс барысында аталған бағдарламаның іске асырылуына байланысты орталық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептерін тыңдады. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттар жанындағы өңірлік комиссиялардың да мәліметтерін пайдаландық және олармен бірге жұмыс істедік.

Депутаттар бағдарлама бойынша салынып жатқан нысандарды арнайы барып көрді және несие алған кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Жергілікті жердегі бірқатар мәселелер анықталып, соларға қатысты тиісті ұсыныстар жасалды. Туындаған мәселелерді шешу үшін комиссиялар мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтерден қосымша ақпараттар да сұратты. Алайда, біздің сұратқан мәселелерге барлығы бірдей түсіністік таныта бермеді. Мысалы, өзім жетекшісі болып табылатын Энергетикалық, индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту, кәсіпкерлікті және іскерлік белсенділікті қолдау комиссиясы бойынша Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен жеке табыс салығына байланысты ақпарат алу қиынға соққанын атап өткен жөн.

– Бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған қаржының игерілу нәтижесі қандай болды?

– Бүгінде республикалық бюджеттен, сондай-ақ Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша төрт комиссия жұмыс істеуде. Ал анықталған мәселелерге келсек, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытына қатысты уәкілетті органдардың мәліметтеріне қарағанда, бағдарламада жоспарланған 11 дәліздің алтауында ғана жұмыс жүргізілуде. Кейбір учаскелердің құрылысы бірнеше жылға созылып барады. Арасында туындаған дауға байланысты соттасып жатқандар да бар. Биылғы жылдың қазанына дейінгі жағдай бойынша, 922 шақырым жол пайдалануға берілген. Ал пайдалануға берілген осы учаскелердегі жұмыс 2013 жылдың басында қолға алынған еді.

– Қазіргі таңда Астана – Өскемен бағыты бойынша бөлінген қаражат 70% ғана игерілген. Жоспарланған жұмыстың белгіленген мерзімнен кешіктірілу себебі неде?

– Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бағытын алатын болсақ, жол құрылысы жұмыстарының кешіктірілуіне ең басты себеп – бөлінген қаржының көптеген қосалқы мердігерлерге бөлшектеніп, бөлініп кеткендігінде жатыр. Ал жол салынатын учаскелер мердігерлердің шама-шарқына, қаржы-экономикалық мүмкіндігіне, ең негізгісі – қажетті жол-құрылыс техникаларының жеткілікті болуына қарай берілуі тиіс еді. Жұмыстардың кеш басталуы және күзге қарай басталуы да өз әсерін тигізуде. Жұмыстың қазіргі жай-күйі, қарқыны істің бастапқы кезден-ақ тиімді ұйымдастырылмағанын көрсетіп тұрғандай. Соның салдары жолдардың сапасыз салынуына соқтыруы әбден мүмкін.

Екіншіден, бағдарламада аяқталған жол құрылысының әр жылдары және автомобиль дәліздері бөлінісінде әрбір санаты бойынша жолдың бір шақырымының болжамды өзіндік құны туралы көрсеткіштер көрсетілмеген. Сонымен бірге, «Қазавтожол» акционерлік қоғамында да, Автомобиль жолдары комитетінде де жобаларды басқарудың бірыңғай жүйесі жасалмаған. Бұл жобаларды басқаруға мүмкіндік бермейді. Мысал келтірейін, Ұлттық қордан және бюджеттен қаржыландырылатын жобалар бойынша «Қазавтожол» акционерлік қоғамы, ал халықаралық қаржы ұйымдары қаржыландыратын жобалар бойынша Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль комитеті тапсырыс беруші болып табылады. Бұл да басқару жүйесінің біртұтастығына кері әсерін тигізеді.

– Енді «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту бағыты бойынша жүргізілген жұмыс барысына тоқталсаңыз?

– Ағымдағы жылы Ұлттық қордан жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысына 202,5 миллиард теңге бағытталған еді. Қыркүйек айының 1-іне дейінгі мәліметтерге қарағанда, сол қаржының 110,2 миллиард теңгесі игерілген. Бұл жерде назар аударатын әрі жыл сайын қайталана беретін бірнеше өзекті мәселе бар. Олар – сараптама жасалған жобалау-сметалық құжаттаманың болмауы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс салушылардың өзара келісімсіз әрекет етуі.

Жалпы, жаппай құрылыс жұмыстары жүргізілетін аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға 78,5 миллиард теңге көзделген болатын. Осы қаржының 50,7 миллиард теңгесі облыстарға аударылған еді. Қазіргі кезде осы қаражаттың 95 пайызы игерілді. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, түрлі себептерге байланысты өзге өңірлерге қарағанда, Солтүстік Қазақстан (67 пайыз) және Астана қаласы (69 пайыз) бөлінген қаржыны игеруде салғырттық танытқан.

Аталған бағыт бойынша жұмыс істеген комиссия бұдан басқа да бірқатар кемшіліктерді анықтады. Негізінен олар жобаларды жоспарлау мен басқару сапасының төмендігіне қатысты. Өйткені, конкурстық рәсімдер кеш өткізіледі, жоспарланған жұмыстарды орындау кестелері жиі бұзылады. Осының салдарынан бөлінген қаражат толық игерілмейді.

– Нұртай Салихұлы, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға қарастырылған қаражаттың игерілу жайы қалай?

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі индустриялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның бірі – Атырау облысында құны 233 миллиард теңге болатын «Ұлттық өнеркәсіптік мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық нысандарын салу. Бұған 2014-2016 жылдары республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 103 миллиард теңге бөлінген еді. Бұл жобаны іске қосу мерзімі созылып кетуі мүмкін. Себебі, аталған нысан инфрақұрылымының жобалық құжаттамасы өз уақытында дайындалмаған, оған әлі де өзгерістер енгізіліп жатқан көрінеді. Оның үстіне өткен жылы осы жобаға бөлінген қаражат толық игерілмей, есеп-шоттарында 21 миллиард теңге қалып қойған. Биылғы жылы да шамамен 17 миллиард теңге игерілмей қалады деген болжам жасалып отыр. Ал индустриялық жобаның екіншісі – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандарын салу жайына келетін болсақ, тиісті 68 нысанның 51-і қабылданған, қалған нысандар жыл соңына дейін толық тапсырылмақ.

– Шағын және орта бизнесті және іскерлік белсенділікті қолдау мәселесі қалып бара жатқан сияқты…

– Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беруге Ұлттық қордан жалпы көлемі 200 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына өткен жылы 50 миллиард теңге бағытталды. Ал кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген осы және басқа да қаражаттардың жұмсалуына келсек, жеңілдетілген несиелерді мақсатсыз пайдалану бойынша 8,7 миллиард теңгені құрайтын қаржылық заңнаманы бұзушылық анықталып отыр.

Бұл бөлінген несиелердің мақсаты – өңдеуші өнеркәсібін дамыту, жұмыс орындарын ашу. Негізі осы жағына назар аудару керек. Сондықтан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстан Даму банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалану және өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің өсуіне олардың әсер ету тұрғысынан бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне толық мониторинг жүргізуі қажет. Осындай мәселелерге байланысты комиссия кәсіпкерлік субъектілері бойынша ақпарат берудің арнайы нысанын әзірлеген болатын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»