20 жел, 2016 сағат 10:44

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 11 айда 435 млрд теңге игерілді

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат республикалық деңгейде толық көлемде дерлік игеріледі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысындағы өз баяндамасында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтып өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".  

«Биылғы жылдың 11 айында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 435 млрд теңге немесе жылдық көлемнің 92% -ы игерілді. Жыл бойынша республикалық деңгейде орындалу көлемі шамамен 99,9% болады деп күтілуде», - деді қаржы ведомствосының басшысы.

Б. Сұлтановтың айтуынша, жергілікті органдар 215,5 млрд теңгені немесе берілген қаражаттың 94,5%-ын игерген, 12 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеген қаражаттың ең көп көлемі Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында байқалады. Аутсайдерлер қатарында Алматы, Ақмола және Атырау облыстары бар. Жұмыс өндірісі кестесінен кешігу игерілмеудің негізгі себебі болып табылады.

«Мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырудан түскен қаражат 87,4%-ға немесе 25 млрд теңгеге игерілген. Жыл соңына дейін 13 млрд теңгені игеру керек», - деді спикер.

Еске сала кетейік, бүгін Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің 2016 жылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылуда. 

Ұлт порталы