Жұртқа берілуі тиіс 10 сотық жерді құрылыс компаниялары алып, біртипті үйлер салып сататын болса, баспананың бағасы аспандап кетуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары осыған алаңдап отыр.
Себебі құрылыс компаниялары өз пайыздарын міндетті түрде қосады. Онымен қоймай ақшаны алып, үй тұрмақ іргетасын салмай кететіндер жетерлік. Сондықтан құрылыс компанияларына 10 сотық жерді беру қауіпті деген депутаттар ипотекалық несиені де 8 пайыздан асырмауды талап етпекші.
Бірақ Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаны әлі әзірлемепті. Дегенмен депутаттар халықтың наразылығын тудырып алмау үшін бүгіннен бастап бағдарламаны бірге жасауға кіріспекші.
«Мүмкін халыққа өздері салып алатындай жағдай жасап, белгілі бір жобаларды ұсыну керек шығар. Біреудің 3 баласы бар, біреудің он баласы бар дегендей, соған ыңғайлап, қаражатына қарай салып алады. Ал егер біз құрылыс компанияларына беретін болсақ, онда үйлердің бағасы қымбаттап кетуі мүмкін», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.