30 мау, 2017 сағат 12:51

«Нұрлы жер»: Ақтөбеде коттедждер мен таунхаустар салынып жатыр

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша таунхаустар мен коттедждердің құрылысы жүріп жатыр. «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы құрылыс аяқталған кезде мыңдаған отбасы баспаналы болады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3-4 қабатты таунхаустардың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар коттедждер бойы көтеруде. Құрылыс жұмыстарына жергілікті материалдар пайдаланылып жатыр.

«Өңірдің құрылыс индустриясы жоғары әлеуетке ие.Тұрғын үйлер, оның ішінде жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін қажетті негізгі материалдар мен бұйымдар жергілікті кәсіпорындарда шығарылады. Өңірде инертті материалдардың өндірістік қоры жеткілікті. 2016 жылы қуаттылығы жылына 50 мың шаршы метрді құрайтын ірі панельді технология бойынша Үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді. Зауыт тұрғын үйлердің өзіндік құнын төмендетуге, құрылыс уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. 2017-2018 жылдары «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінің бірнеше шағын ауданында таунхаус үлгісіндегі 60-қа жуық кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіледі. Биыл жалпы алаңы 35,9 мың шаршы метрді құрайтын 20-ға жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлердің құрылысында кірпіш, газоблок және панель секілді материалдар қолданылып жатыр. Таунхаустар мен коттедждерге биыл 900 отбасы қоныстанады», - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов.

Биыл облыста барлығы 650 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері 1 500-ден астам пәтер иесін тапты. Яғни, 200 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысы аяқталған.

«Биыл 200 мың шаршы метрлік тұрғын үй құрылысы бюджет есебінен салынады. Бұл 3 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ететін құрылыс. «Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, өңірде жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 140 мыңнан асты. Жер телімдерін бермес бұрын инфрақұрылымды жеткізу қажет. Яғни, газ, су құбырын тартып, электр тоғын жеткізу жұмысын жүргізіп, кейін жер беріледі. Қазір Ақтөбе қаласы маңындағы ауылдарда 6 514 жер телімін беру үшін жоспар әзірленді. Думан, Парасат, Жаңақоныс-2, Бауырластар-3 ауылдарының жобасы дайындалып жатыр. Биыл барлығы 14 мың адамға жер телімін беру жоспарда бар. Оның 10 мыңы Ақтөбе қаласынан беріледі», - деді Серік Төленбергенов. Жыл басынан бері 1 мыңнан астам адам өздеріне тиесілі 10 сотық жерді алды.

Жалпы облыстағы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында инженерлік желілер құрылысына 7,5 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Қаржыға ұзындығы 649 шақырым болатын газ, су, кәріз құбыры тартылып, электр тоғы жүргізіледі. Сонымен қатар биыл «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында, облыс аудандарында кредиттік және жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйлер салына бастайды. Құрылыс келер жылы аяқталады. Қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп жатыр.