Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков Президент Жолдауына қатысты пікір білдіріп, ендігі кезекте Парламент қалай жұмыс жүргізетініне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, бүгінгі Жолдауда елдегі ең өзекті мәселелердің бәрі қамтылды. Яғни, Президент жағдайды бақылап, біліп отыр. Біз жуырда ғана батыс өңірінде болып, сайлаушыларымызбен кездестік. Сонда айтылған проблемалардың барлығы бүгінгі Жолдауда көтеріліп жатқанына қатты қуанып отырмын. Мәселен, туристік кластерді көтеруде қандай мәселелерді қаузау керек, қандай сұрақтардың төңірегінде жұмыс істеу керектігіне Мемлекет басшысы жан-жақты тоқталды.
Мен Президент Жолдауындағы көп мәселелердің ішінен халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін ерекше атап өтер едім. Оның ішінде көлік қатынасына қатысты мәселелер көтерілді. Жаңаөзен қаласында сайлаушылар Маңғыстау өңіріне жету, темір жолмен қатынау қиындығын, әуе қатынасының бағасы шектен тыс қымбат екенін айтқан болатын. Бүгін Президентіміз осы мәселелерді көтерді», - деді Нұрлан Дулатбеков Парламенттің бірлескен отырысынан кейін тілшілердің сауалдарына жауап бере отырып.
Мәжіліс депутатының айтуына қарағанда, Президент келесі жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығын той ретінде атап өтіп қана қоймай, ақын шығармаларын басқа қырынан ұғынуға шақырып отыр.
«Бұл мәселелер төңірегінде Парламенттің алдында үлкен міндеттер тұр. Президент сайлауалды бағдарламасын толығымен жүзеге асыруға бекініп отыр. Парламент осы ретте көптеген заңдарға өзгерістер енгізуі тиіс», - деді мәжілісмен.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.