Ұлттық қорға қайта-қайта қолымызды сұға бермеуіміз керек. Президенттің Ұлттық қор қаражатына байланысты ескертпесі жайлы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі Жолдауда көп әңгіме айтылды. Кең көлемде айтылды. Байқасаңыздар, кейбір мәселелерді Мемлекет басшысы жай ғана атап-атап қана өтті. Себебі айтылып жүрген кейбір сұрақтарды өңірлерге шыққанда, мұғалімдермен кездескенде кең ауқымда қаузаған болатын. Елдің ішінде әртүрлі наразылық туғызатын жайларға да Мемлекет басшысы маңыз беріп отыр. Әрбір заңды немесе тапсырманы орындау – үлкен талдау жұмыстарын талап етеді. Сол себепті, жалпы қаржының пайдаланылуына, мемлекеттік қорға байланысты әңгімелер текке көтеріліп отырған жоқ. Ұлттық қорға қайта-қайта қолымызды сұға бермеуіміз керек», - деді Нұрлан Әбдіров Парламенттің бірлескен отырысынан кейін тілшілердің сауалдарына жауап бере отырып.
Депутаттың айтуынша, егер шағын және микро кәсіп иелері табыс салығынан босатылатын болса, онда елдегі салық базасы азаяды.
«Оны Мемлекет басшысы тіке айтып шықты. Олай болатын болса, жергілікті жердегі билік өндірістерді көтеруі тиіс. Адамдарды өндіріспен айналысуға, пайдалы заттарды шығаруға, өңірдегі адамдардың тимід өмір сүруге шақыруы тиіс», - деді Нұрлан Әбдіров.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
«Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет. Бұл келешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.