Елордаға Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркиядан ұшып келген 22 адам COVID-19-ға ПТР тест тапсырудан бас тартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, дәрігерлер бірнеше сағат бойы келгендерді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысын орындауға көндірген.
«22 адам бас тартты, автобуста отырды және кіргісі келмеді. Біз көндіруге тырыстық, олар жанжал шығарып бағынбады. Себептері әртүрлі болды. Түнге дейін түсіндірген соң, карантиндік стационарға бір-бірден кіре бастады», - дейді «Рамада Плаза» карантин стационарының директоры Жұлдыз Данбаева.
Наразылық білдірушілердің бірі - 42 жастағы қала тұрғыны. Ол сынақ нәтижесін күткісі келмейтінін айтып, мекемеден кетуге тырысқан. Полицейлер ер адамға шара қолданды.
«Ер адам әйелімен және баласымен Түркиядан ұшып келді. Оның отбасы барлық процедуралардан өтсе де, ол сынама нәтижесін күтпейтінін айтты және қашып кетуге тырысты. Соған орай полицейлер шара қолданды», - деп түсіндірді Жұлдыз Данбаева.
Дәрігерлер мұндай жауапсыз азаматтар тек жақындарының ғана емес, жалпы елдің денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді. Сондай-ақ, санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін, маска тақпағаны үшін тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Көктемде бәрі осылай басталды, елдің түкпір-түкпірінен келгендер арқылы инфекция кеңінен тарап кетті. Осындай қарсылық танытқандар басқа азаматтарға, жақындарына, туыстарына қауіп төндіреді», – дейді дәрігер.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қазаннан бастап Қазақстанда жаңа шектеулер енгізілді.
Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін термометрия, сауалнама жүргізу, үш тәуліктен аспайтын коронавирус тесті туралы анықтаманың болуы сияқты міндетті талаптар белгіленген.
Анықтама болмаған жағдайда, шетелден келгендер COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін стационарда екі тәулікке дейін оқшауланады.