25 шіл, 2020 сағат 16:15

Нұр-Сұлтанға коронавирус пен пневмонияға қарсы 2,5 млн дәрі-дәрмек жеткізілді

Нұр-Сұлтанға ұшақпен COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар ауруларға қарсы 2,5 млн дәрі-дәрмек жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның ішінде 550 мың қорап парацетамол мен ибупрофен, 300 мыңнан астам антикоагулянттар қаптамасы – ксарелто мен аспирин бар. 

Сондай-ақ 1,4 млн бактерияға қарсы препараттар қаптамасы: азитромицин, цефтриаксон, левофлоксацин, велпенем; 30 мың вирусқа қарсы препараттар және басқалар бар. 

Шілденің ортасынан бастап қалаға 110 тоннаға жуық дәрі-дәрмек жеткізілді. Тексеруден кейін (1-2 күн) дәрі-дәрмек дәріхана желілеріне таратылады. 

Бұл жүк - гуманитарлық көмек емес. 

Әкімдік дәрі-дәрмекті сатып алуға және тасымалдауға көмек көрсетіп, дәріхана желілерінің дистрибьютерларына айналым қаражатын бөледі. Қала ауруханалары мен емханаларында дәрі-дәрмек қоры бар, олар уақтылы толтырылып отырады. 

Медицина мекемелеріне қосымша медициналық жабдықтар – 150 флуометр, 350-ден астам оттегі концентраторы, 500 арнайы кереует жеткізілді. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және қосымша медициналық құралдарды сатып алу жұмысы тұрақты жүргізіліп отыр.