21 қар, 2020 сағат 07:42

Нұр-Сұлтандағы шектеу шаралары: Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты

Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Қ. Пралиева коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында жаңа қаулы шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулыға сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде өткізуге, митингілер, шерулер, жиындарға салынған шектеу жалғасады. 

Әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде 2 метрден кем емес сақтай отырып, жеке тәртіппен және 5 адамнан аспайтын топпен тек ашық ауада спорттық жаттығулар өткізуге болады. 

Қызметі қайта басталмаған объектілерге: бильярд, караоке, боулинг орталықтары, компьютерлік және ойын клубтары, түнгі клубтар, жабық ғимараттардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар, караоке, букмекерлік кеңселер мен лотереялар ұтыс ойыны және т. б. баруға тыйым салу күшінде қалады.

65 жастан асқан адамдардың қала және қоғамдық орындар бойынша жүріп-тұруына шектеу әлі де жалғасады. 

Міндетті түрде бетперде киіп және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен баруға рұқсат.

Қоғамдық орындарға, оның ішінде қалалық қоғамдық көліктерге және қызметі рұқсат етілген объектілерге барған кезде, көшеде жүру кезінде (5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда және ашық ауада спортпен шұғылдану кезінде) бетперде кию, қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптарды қатаң сақтау қажет.

Басқа да шектеулер мен рұқсат етілген жағдайлармен мына сілтеме арқылы танысуға болады.