10 қыр, 2020 сағат 15:48

Нұр-Сұлтанда жылыту маусымы қашан басталады?

Бүгінде елордада бекітілген кесте бойынша жылыту маусымына дайындық жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, елордада жылыту маусымы далада орташа ауа температурасы бес тәулік бойы +10 °С және одан төмен болған жағдайда басталады.

«ҚР 2001 жылғы 23 қаңтардағы «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына, сондай-ақ елордалық мәслихаттың 2014 жылғы 27 маусымдағы шешімі брйынша жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес, бес тәулік ішінде сыртқы ауаның орташа температурасы +10 °С және одан төмен болған кезде, жергілікті атқарушы орган жылыту маусымының басталуы туралы шешімі қабылдайды», - деді әкімдіктен. 

Бұған дейін хабарланғандай, елордада энергия кешендерін, ТКШ, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын дайындау бекітілген жоспар бойынша жүргізілуде.

Көппәтерлі тұрғын үй қорының дайындығы 90% жоғары. Сонымен қатар, қалада күн сайын 20 мың тонна көлемінде қатты отын қоры қамтамасыз етіледі.