10 там, 2020 сағат 14:00

Нұр-Сұлтанда жаңадан 4 спорт кешені салынады

Нұр-Сұлтан қаласында жаңадан 4 дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынады. Бұл туралы брифинг барысында елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін» салу жобасы аясында аталмыш нысандар Ильинка, Көктал-2, Өндіріс, Железнодорожный тұрғын үй алаптарында бой көтереді. 

«Қазіргі уақытта үш дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қосымша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Толқын» спорт кешенінің шатыры күрделі жөндеуден өтті. Қазір тек қабырғаларын тегістеу, ақтау, сырлау сияқты жұмыстары қалды», - деп атап өтті Нариман Еламанов. 

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» спорт сарайын заманауи технологияларды қолдана отырып жөндеу жобасы пысықталуда. Оған қоса, «Астана Арена» стадионының футбол алаңын жаңарту және киім ауыстыру бөлмелерін, кіреберісін жөндеу жүргізілуде. 

«Сонымен қатар қалада IAAF (Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы) талаптарына толық сәйкес келетін жабық ғимараттарда халықаралық және республикалық жарыстарды өткізуге арналған жеңіл атлетикалық спорт кешенінің құрылысы аяқталуда. Нысан әлем чемпионаттары мен жазғы Олимпиада ойындарын қоса алғанда, спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау үшін қазіргі заманғы жоғары технологиялық база болады. «Қазанат» ипподромының аумағында иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін ат спорты кешенін салу және пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нысан 250 адамға арналған, 600 орындық трибуналары бар. Бұл жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жеке қаржылық бастама бойынша іске асырылып жатыр», - деді Н.Еламанов.

Бұдан бөлек, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы орынбасарының мәліметінше, елордада веложолдар салу жұмысы қарқын алған. Жоспарланған 123 км жолдың 70 км бүгінде салынып біткен. 2020 жылы – 46,4 км, 2021 жылы – 36 км, ал 2022 жылы – 40,7 км веложол салу жоспарлануда.