29 жел, 2021 сағат 13:09

Нұр-Сұлтанда ұжымдық иммунитеттің қалыптаспау қаупі бар


Елордада ұжымдық иммунитеттің қалыптаспау қаупі бар. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша вакцинаның бірінші компонентінін 484 мыңнан астам азамат алып, иммундаудың толық курсынан 454 мың адам өтті. Дегенмен, мұны жеткіліксіз деп санаймын және халық арасында иммундық қабатты арттыру үшін екпе науқанын жалғастыру қажет», - деді ол қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Бас санитар дәрігердің дерегінше, 1-15 желтоқсан аралығында 12 866 адам екпе алса, 16-29 желтоқсан аралығында вакцинация қарқыны төмендеді. Нақты айтқанда 9949 адам екпе салдырды. 

«Вакцина алған адамдар санының төмендеуі ұжымдық иммунитеттің қалыптаспай қалуына алып келуі және аурудың өршуіне түрткі болуы мүмкін екендігін атап өткім келеді. Әсерді сақтау үшін иммундаудан кейін уақыт өте келе қорғаныстың әлсіреуінен ревакцинация алу талап етіледі», - деді Сархат Бейсенова.