02 қар, 2020 сағат 18:38

Нұр-Сұлтанда түрік инвесторлары медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорын салады

Нұр-Сұлтан қаласында түрік инвесторлары медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорын салады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ға сілтеме жасап

«MFA Mask» компаниясының түрік инвесторлары Нұр-Сұлтанда медициналық маскалар өндірісіне инвестиция салмақ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңес барысында ҚР Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және «MFA Mask» арасында жобаны іске асыру туралы тиісті үшжақты меморандумға қол қойылды. Кәсіпорын Нұр-Сұлтанда «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасады. Жалпы құны шамамен 9,3 млн долларды құрайтын жобаны «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен іске асыру жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта. 

Құжатқа сәйкес, түрік кәсіпкерлері жобаны 2024 жылға дейін екі кезеңде жүзеге асыруды көздеп отыр. 

Бірінші кезеңді 2021 жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда. Солайша, жыл сайын 3,5 миллионға дейін медициналық бұйым шығару көзделіп отыр. 

Екінші кезеңде өнім көлемі 10 млн бірлікке дейін арттырылмақ. 

«Кәсіпорында FFP2 және FFP3 санаттағы респираторлар шығарылатын болады. Сондай-ақ газқағарлар мен сүзгілер, эвакуациялауға арналған өздігінен тотықтырылатын маскалар өндірісі жолға қойылады. 

Жобаны іске асыру 100-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 

Кәсіпорында заманауи түрік және неміс жабдықтарын орнатылады. 

Бұдан басқа, Түркиядан жоғары сапалы сертификатталған шикізатты жеткізу жолға қойылады. Өндірілген өнім Қазақстан нарығына жеткізіліп, Ресей мен Орталық Азия елдеріне экспортталады», - деді «KAZAKH INVEST»-тен.