06 қар, 2020 сағат 16:21

Нұр-Сұлтанда отбасылық-тұрмыстық қылмыстар көбейген

Жыл басынан бері елордада тұрмыстық қылмыс үшін 900 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова айтып берді.

«Жыл басынан бері 9 айда қылмыстардың тіркелу саны 37,1 пайызға төмендегенін байқадық. Іс жүзінде барлық түрлер бойынша қылмыстардың төмендеуі байқалады. Профилактикалық жұмысты күшейту нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыс – 53,9 пайызға, көшелерде – 53,7 пайызға, мас күйінде қылмыс жасау – 37,7 пайызға төмендеген. 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 40,2% азайған. Алайда, жасалған барлық шараларға қарамастан отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 4 пайызға артқан», - деді Г. Шрахметова Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, көп жағдайда әйелдер тән жарақаты бойынша полицияға жүгінеді.

«Пандемия жағдайында халықтың өмір салты түбегейлі өзгерді, әлеуметтік қарым-қатынас азайып, материалдық жағдайдың нашарлауы адамдардың психологиялық жағдайына теріс әсер етті. Ішімдік ішу салдарынан отбасылық шиеленістер туындады. Біз есепке алынған адамдармен – маскүнемдер (1009 адам), нашақорлар (370 адам), отбасылық жанжал шығарушылармен (5917 адам) профилактиканы күшейттік. Алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу жұмыстарын жалғастырудамыз», - деп түсіндірді департамент өкілі.

Департамент мәліметтеріне сәйкес, тұрмыстық қылмыс үшін 920 адам жауапқа тартылған.

«Жәбір көргендерді қорғау үшін 5 917 нұсқама шығарылды. 260 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды. Қорғау талаптарын бұзғаны үшін 147 адам жазаланды», - дейді Г. Шрахметова.