22 қаз, 2021 сағат 21:54

Нұр-Сұлтанда "Номад" кешенінің күмбезі әйелдің үстіне құлады – видео



Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына "Номад" тұрғын үй кешенінің  шатырының шыны күмбезі құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.


Елордалық денсаулық сақтау басқармасы әйелдің көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.


"Ми жарақатын алған әйел №2 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Қабылдау кезінде оның жағдайы ауыр болды. Жедел түрде ота жасалды. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр", – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға туралы хабар түспегенін айтты. Бүгін Нұр-Сұлтанда қатты жел болды. Тұрғындар шатырдағы күмбез мерекелер мен іс-шаралар кезінде жалға берілетінін жеткізді.


Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.


"Қатты жел салдарынан металл күмбез құлап, 56 жастағы әйел жарақат алғаны анықталды. Аталған факті бойынша "Есіл" аудандық полиция басқармасы қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қажетті сараптамалар тағайындалды", - делінген полиция департаментінің хабарламасында.


Металл құрылымдары Сығанақ көшесіндегі бизнес-орталық шатырынан құлады.


Биыл ақпан айында "Номад" тұрғын үй кешені қаптауының бөлігі құлап, аулада тұрған көлікке зақым келген болатын.