15 шіл, 2021 сағат 22:05

Нұр-Сұлтанда коронавирустың өсуіне Бурабайдағы демалыс әсер етті - Тимур Мұратов


Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қалада вирус жұқтырғандар санының аяқ-астынан көбею себебін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше елордада 1500-ден астам адам коронавирус індетіне шалдықты. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Одан бөлек, 2245 адам стационарлық емді талап етеді, қазір олар ауруханада жатыр. Және 8 мыңнан астам науқас емханада және 201 адам реанимацияда ем алуда. Өкінішке қарай, өлім жағдайы да жоқ емес, күніне 15 науқас аталған індеттен мерт болуда. Бүгінде денсаулық сақтау саласы қиын сәтті бастан кешуде, әрине біз өз кезегімізде бар күш-жірегімізді жұмсаймыз. Статистика көрсетіп отырғандай қазір қаладағы індеттің қарқыны өткен жылғы жазғы жағдайды қайталап отыр, тіпті одан да жоғары болмаса төмен емес. Бар-жоғы 2-3 күннің ішінде коронавирус жұқтырушылардың қарқыны күрт өсті. Көрсеткіш демалыс күндері Бурабайда демалып келген тұрғындардың есебінен жоғары болып отыр. Демалыс кезінде астаналықтардың Бурабайға ағылғанын бәріңіз байқаңыздар», - деді Тимур Мұратов Инстраграмдағы тікелей эфирде.