12 сәу, 2021 сағат 17:22

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау қалай жүріп жатыр?

Елорда тұрғындарын коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Жас шектеулері мен медициналық көрсеткіштерін ескергенде 600 мыңнан астам қала тұрғыны вакцинациялауға жатады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Вакцинация қаланың АМСК ұйымдарында алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі (ұйымдардың тізімі қаланың ҚДС сайтында көрсетілген) және «Mega Silk Way» СОО-да жасалады. Демалыс күндері қаланың ірі сауда орталығында сынақ режимінде дозаның бірінші компонентін оның қызметкерлері, яғни бутикті жалға алушылар, сатушылар және орталықтың қызметкерлері алды. Оның барысында 200-ден астам адам қамтылды. 

«Таңертеңнен бастап қала тұрғындары вакцинацияға дайын болды. Алдын ала жазылып, шақыруды күтіңіз. Біз жұрттың өз денсаулығына және өзгелерге жауапкершілікпен қарайтынына қуанамыз. Профилактикаға аса мән берілу керек», - деп атап өтті тиісті басқарма.

Сондай-ақ, басқармада АМСК және СОО-да екпені тек елорда тұрғындары ғана емес, өңірлердің тұрғындары да ала алатынын мәлім етті. Басқа қаланың тұрғыны елордада екпе алып, 21 күннен кейін өз қаласында/облысында екінші дозасын қабылдай алады.

«Басқарма қоймаларында вакцина қоры жеткілікті. Жаңа партия СК Фармация (Денсаулық сақтау министрлігі) тәртібіне сәйкес апта сайын келіп түседі», - деп хабарлады ведомство.

Естеріңізге сала кетейік, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайтылды. Жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алдын ала жазылу бойынша egov мобильдік қосымшасы немесе емханалардың call-орталықтарына қоңырау шалу арқылы алуға болады.

Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы 30 мыңға жуық адам екпе қабылдады.