Елорданың аумағында суға шомылуға рұқсат етілген аймақтардың аты белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеуберген қала әкімдігінің онлайн брифингінде айтты.
«Биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша суға шомылуға рұқсат етілген 3 аумақ айқындалды. Олар – «Орталық жағажай», «Три пескаря» және «Астаналық аула».
Сонымен қатар, мәслихат шешімінің жобасы қарастырылуда. Жоба шеңберінде шомылуға тыйым салынатын 20 учаске айқындалды. Қазір мәслихат шешімі Әділет министрлігінде қаралып жатыр. Ведомстводан шыққаннан кейін тиісті отырыста бұл қаулы қабылданады», - деген азаматтық қорғаныс өкілі шомылуға болмайтын әлгі учаскелердің қаланың қай аудандарында орналасқанын атады.
«20 участектің жетеуі Алматы ауданында, Байқоңыр ауданында – 4, Есіл ауданында - 6 және Сарыарқа ауданында – 3 учаске. Мәслихат шешімі қабылданғаннан кейін тізім БАҚ арқылы, үгіт-насихат жұмыстары жарияланады», - деді Ратбек Демеуберген.
