14 сәу, 2020 сағат 10:52

Нұр-Сұлтанда экспресс тестілеуден өткен 61 адам ауруханаға жатқызылды

9 сәуірден бері елордада 5 мыңға жуық адамға экспресс-тестілеу жүргізілді. Бұл туралы елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«9-13 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 4 766 адамға коронавирус инфекциясына байланысты экспресс тестілеу жүргізілді. Оның 61 жағдайында немесе 1,2% тестілеу оң нәтиже көрсетті», - деп атап өтті басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасындағы брифингте. 

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бұл адамдар әрі қарайғы тексеру жұмыстары үшін провизорлық стационарға жатқызылды. 

«Яғни, полимеразды-тізбекті реакция әдісімен коронавирус инфекциясына тексеру жүргізіледі. 61 адамның 30-ы теріс нәтижемен ауруханадан шығарылды», - деді С. Қисықова. 

Бұған дейін басқарма басшысы Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адам туралы айтып берген еді. 

Қазіргі уақытта елордада жұқтырғандар саны 264 адамға жетті. Соңғы екі күнде - 12-13 сәуір күндері 29 жағдай тіркелді.