14 сәу, 2022 сағат 10:37

Нұр-Сұлтанда бұрынғы әйелін көшеде сабаған ер адам іздестіріліп жатыр


Нұр-Сұлтанда бұрынғы әйеліне шабуыл жасаған ер адам іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде әйелдің соққыға жығылған сәті түсірілген кадрлар тараған болатын. Жазбада "әйелді тоғыз ай бойы артынан қалмаған бұрынғы күйеуі анасының көзінше ұрып-соққаны" жазылған.

Полиция видеоға қатысты пікір білдірді.

"Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг кезінде ер адамның әйелді ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео анықталды. Полицейлер 13 сәуірде сағат 7.50-де елорданың 25 жастағы тұрғыны Сығанақ көшесінде өзінің бұрынғы әйелін ұрып-соққанын анықтады. Дерек Есіл аудандық полиция бөлімінде тіркелді, ер адамның жүрген жерін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленуші бұған дейін полицияға екі рет арыз берген.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" заңның 20-бабына сәйкес кінәліге қатысты қорғау нұсқамалары шығарылды, ол тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, қудалауға және өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салуды көздейді. Ер адамға ҚІЖК-нің 461-бабында көзделген "Қорғау тәртібін бұзу" заңы түсіндірілді. Алайда ол қорытынды шығармай, ісін жалғастыра берген", - деді полиция өкілдері.

Полиция департаменті мәліметінше, 2022 жылдың наурызында да ер адам екі рет сот қаулысымен құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған, сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданған.