17 қар, 2020 сағат 13:21

Нұр-Сұлтанда бір мектеп карантинге жабылды

Екінші тоқсанда елімізде 55 бала коронавирус жұқтырды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бірінші тоқсанда ШҚО, СҚО-дағы мектептер карантинге жабылды. Кеше Нұр-Сұлтанда тағы бір мектеп карантинге жабылды. Кеше ғана, яғни екінші тоқсанның алғашқы күні онлайн және офлайн оқып жүрген балалар арасында коронавирус жұқтырған 55 жағдай анықталды», - деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова. 

Оның айтуынша, коронавируспен ауырған 55 баланың 14-і - мектепке барып оқыса, 41-і - онлайн оқыған оқушы. 

«Коронавируспен ауырған балалар күн сайын тіркеліп отыр. Оларды мониторингтен өткізіп отырмыз. Эпидемиологиялық жағдайға қарсы шаралар эпидемиологиялық тергеу жүргізу арқылы іске асуда. Сондай-ақ, коронавируспен ауырған бала оқыған сыныпты немесе мектепті жабу туралы шешім қабылданып жатыр», - дейді ол. 

Карантинге жабылу уақыты ауру жұқтыру тіркелмеген жағдайда - 14 күн.