Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов елордадағы №1 аурухана коронавирус жұқтырғандарды қабылдай байстағанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елордадағы №1 бірінші ауруханаға індет жұқтырған науқастарды жатқызып жатыр деген ақпарат тарады. Басқа аурумен келгендерді өзге емдеу мекемелеріне жіберіп жатқаны туралы мәлімет қаншалықты рас», - деген сауал қойылған болатын Орталық коммуникациялар қызметінде.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы бірінші қалалық емхана бойынша расында сондай жоспар бар. Қазіргі таңда қалада 2 435 төсек орны бар. Жаңағы аурухананы қосқаннан кейін көлемі 3000-ға дейін көбейеді. Өздеріңіз білетіндей, эпидемиологиялық жағдай құбылмалы болғандықтан, мұндай шешім қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Жалпы басқа науқастарды қазір қалалық медицина мекемелеріне сала-сала бойынша, бөлімше-бөлімшесімен сол жаққа бөлеміз. Осылайша шұғыл және жоспарлы көмекті ешқандай тоқтапаймыз. Бұл шешім шынымен қиын шешім, бірақ біз сондай шешім қабылдадық», - деген вице-министр аталмыш ауруханаға бұған дейін түсіп қойған науқастардың жайы не болатынын түсіндірді.
«Ауыр халде жатқан науқастарды тасымалдау мәселесі бір күнде шешілмейтін мәселе. Жазылып шыққандарды үйлеріне жіберіп, қалғандарын басқа ауруханаларға ауыстырады», - деді Марат Шоранов.
