03 қаз, 2019 сағат 20:08

Нұр-Сұлтан мұсылман әлемінің «жасыл» қаласы атанды

Нұр-Сұлтан қаласы бірінші болып Ислам әлемінің «жасыл» астанасы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ сілтеме жасап.

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев бастаған делегация Марокконың астанасы Рабат қаласында орналасқан Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) штаб-пәтерінде өткен Экология министрлерінің 8-ші ислам конференциясына қатысты.

Марокко Королі Мұхаммед VI қолдауымен өткен бұл форумның басты тақырыбы «Қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамудағы мәдени және діни факторлардың рөлі» болды.

Конференцияға 36 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның делегациялары қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар мұсылман әлемінің қоршаған ортасы, дүниежүзілік жылу көтерілу үдерісі, ауа мен су көздерінің ластануы проблемаларын талқылап, ислам елдерінің экологияны сақтау жолындағы саясатын дамыту жолдарын белгіледі. Талқылау нәтижесінде стратегиялық мәні бар құжаттар қабылданды.

Сонымен қатар, форум аясында ислам мемлекеттерінің қоршаған ортаны қорғауға қосқан ерекше үлесі үшін арнайы марапаттар тапсырылды.

ИСЕСКО комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бұл саладағы жұмысына жоғары баға беріп, сайыстық негізде Қазақстан астанасына «Мұсылман әлемінің ең жасыл қаласы» номинациясында арнайы сый берді.