ІІМ 30 қыркүйекте Нұр-Сұлтан көпірінде болған жол-көлік оқиғасы бойынша күдікті ұсталғанын растады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
"30 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында көпірде болған апат куәгерлерінің айтуынша, апатқа қатысушылар жарыс ұйымдастырған. Бұл - расталған ақпарат емес. "Сергек" бейнебақылау камераларынан видеолар қашан жарияланады? Түнгі жарысқа қандай автокөліктер қатысты және машиналар кімге тиесілі", - деп сұрады журналист ОКҚ брифингінде.
"Иә, аталған жол-көлік оқиғасы қоғамды бейжай қалдырмады. Қазіргі таңда елорданың полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағына сәйкес жол ережесін бұза отырып, "2 немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу" және 347-баптың 1-тармағына сәйкес "оқиға орнынан кетіп қалуға" қатысты тергеу жүріп жатыр. Апат орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Күдікті деп танылған 19 жастағы елорда тұрғыны бүгінде 2 айға уақытша қамауға алынды. Жол апатының уақытына келсек, ол бізде нақты тіркелген. Түнгі сағат 00:18-де болған. Бұл - біздегі ресми дерек", - деп жауап берді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Тілшілердің көше камераларынан видеоны жариялау туралы өтінішіне жауап ретінде видеолар іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелгенін және жариялауға болмайтынын түсіндірді.