21 мам, 2018 сағат 12:55

«Нұр Отанның» қолдауымен 1 маусымға дейін Павлодар облысында 14 ІT-сынып ашылады

«Нұр Отан» партиясы партия қызметін жаңғырту мақсатында 20-дан астам жаңа жобаны қолға алды. Олардың қатарында еліміздегі цифрландыру үдерісін жүзеге асыруға бағытталған ІТ-сыныптар ашу бастамасы да бар. Сол арқылы мектеп оқушылары бағдарламалау және робот техникалары негіздерін тереңдетіп оқуға мүмкіндік алмақ.

Жалпы партияның бастамасымен еліміз бойынша 1000 тегін ІТ-сынып ашылып, бір жылда 150 мың баланы оқыту көзделіп отыр. Бүгінде бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 1 маусымға дейін тек Павлодар облысының өзінде 14 ІТ-сынып пен 14 коворкинг орталық ашылмақ. Онда оқушылар қарапайым алгоритм құру дағдыларын меңгеріп, еуропалық білім стандарттары бойынша бағдарламалар мен WEB-сайттар жасауды үйренеді. IT-сыныптар Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркімен ықпалдастықта жұмыс істейді.

Партия аталған бастамаларды мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асырмақ. Партияның осы бағыттағы серіктестерінің бірі «YBYRAI жас программистер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Әзиза Шөжеева қазіргі таңда елімізде программистерге сұраныс жоғары екеніне назар аударып, «Нұр Отанның» бастамасы дер кезінде қолға алынғанын айтты.

– «Нұр Отан» партиясының балаларға бағдарламалау негіздерін үйрететін тегін сыныптар ашу бастамасын біз қолдаймыз. Біздің де осы бағытта «Өз болашағыңды бағдарла!» атты әлеуметтік жобамыз бар. Алдағы уақытта партияның қолдауымен еліміздің барлық өңірінде, шалғайдағы ауылдық жерлерде де аталған жобаны сәтті жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Ә.Шөжеева.

ІТ-сыныптарда сабақ аптасына үш сағат өтеді. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – бағдарлама тілін меңгеру (Scratch). Оқыту көңілді ойын түрінде өтеді. Балалар түрлі кейіпкерлер негізінде қимыл-әрекеттер мен тапсырмаларды орындап, веб-сайттар: HTML/CSS өңдеу негіздерін үйренеді. 

– Одан әрі бағдарламаны оқытуды кеңейту қарастырылады. Балалар бағдарламалау тілінің жаңа аспектілерін оқиды және мобильді құрылым мен компьютерде ойындар құрастыруды үйренеді. Бір кезеңнің ұзақтығы – 2-3 ай. Бірінші сабақтан соң балалар анимация құрайтын болады. Ал оны бітірген соң, үшінші қорытынды кезеңде өз сайттарын жасап шығады, – дейді қоғам белсендісі.