Қоғамдық қабылдау: нақты көмек, нақты нәтиже
«Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Парламент Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева баспана алу кезегінен шығарылған, ҚР азаматтығын ала алмай жүрген және Мемлекеттік кіріс департамент қызметкерінің заңға қайшы әрекетінен жапа шеккен адамдармен кездесті.
Осыдан бірнеше жыл бұрын екінші топтағы мүгедек, 4 баланың анасы Мадина Есмағанбетова Қазақстанға Түркіменстаннан қоныс аударып келеді. Ол сүйенері мен сенері болмағандықтан бірден баспанаға зәру жандардың тізіміне тіркеледі. Басында кезегі тез жылжиды. Осыған қуанып, үміттеніп жүргенде 5 жыл уақыт өтеді. Бұл аралықта Мадина Қазақстан азаматтығын алып үлгереді. Бұл туралы шағымданушы былай деді: «Күні кешеге дейін мен оралман ретінде мемлекеттен көмек аламын деп жүрдім. Тұрғын үй басқармасының қызметкерлері мені осыған сендіріп келді. Ал қазір маған Қазақстанның азаматтығын алуыма байланысты оралман мәртебесінен айырылғанымды енді, баспана кезегіне қайта тұруым керек екенін айтып отыр. Сонда менің осыған дейінгі кезегім қайда кетті? Мен 4 баламен әлдекімдердің пәтерлері мен жертөлелерін жағалап жүре беруім керек пе? Бұлай ит қорлықпен өмір сүргенше өзімнің де, балаларымның да бақилық болғаны дұрыс шығар» деп ашынды ана.
Халық қалаулысы өтініш иесін сабырға шақырып, жаман ойдан арылу қажеттігін айтты.
– Сіз балаларыңызды дүниеге өсіру, өндіру үшін әкелдіңіз. Сондықтан артық ойдан аулақ болғаныңыз дұрыс. Сізге кәсіби заңгерлердің көмектесуіне ықпал етемін. Мәселенің мән-жайы бүгіннен қалдырылмай анықталады. Егер Тұрғын үй басқармасының қызметкерлері заңға қайшы әрекеттері әшкереленсе, құзырлы органдар оларға қарсы шара қолданады. Біз сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді соңына дейін қорғаймыз. Мемлекет ана мен баланы шырылдатып қоймайды, – деді депутат.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылының тұрғыны Әсия Медеубаева халық қалаулысынан қызына ҚР азаматтығын алып беруді сұрады.
– Қызым Өзбекстанға тұрмысқа шығып, Қазақстанның азаматтығынан бас тартқан болатын. Қазір өз отанында өмір сүріп жатса да, азаматтық ала алмай жүр. Себебі, дер кезінде құжаттарын рәсімдеген жоқпыз. Енді не істерімізді білмей жүрміз, – деді ол.
Б.Кесебаева мәселені заң аясында шешу қажеттігін тілге тиек ете келіп: «Бұл мәселе шешіледі. Бірақ қызыңыз құқық бұзғаны үшін мемлекетке айыппұл төлейді. Біз сіздерге көмектесеміз. Қызыңыз азаматтық алады, уайымдамаңыз» деді.
Республикалық қоғамдық қабылдауға Мануза Стамқұлова есімді бухгалтер өзі қызмет ететін ЖШС-ның есепшоттарын қалалық Мемлекеттік кіріс департаменті заңсыз бұғаттап тастағанына наразылық білдіріп келіпті.
Осы турасында ол «Біздің мекеменің кеңсесі жекеменшік секторда орналасқан. Ол жерде бізден басқа ұйымдар мен пәтер жалдаушылар бар. Тексеріспен келген қалалық Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері бізді таба алмай, құжаттарын «көрсетілген мекенжайда ЖШС тіркелмеген. Әрекеттері заңсыз» деп рәсімдеп, жұмысымызды тоқтатып тастады. Біз оларға бірнеше рет бардық. Олар өздерінің қатесін мойындап отыр. Алайда есепшоттарымызды босатпай тұр. Соның салдарынан бизнесіміз шығын шегіп жатыр. Оларды сотқа бердік. Енді соттың нәтижесін күтіп отырмыз. Бірақ біз мәселе қалалық Мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерінің пайдасына шешіліп кете ме деп қорқамыз» деді.
Б.Кесебаева мемлекеттік қызметкерлердің орашолақтыққа жол беріп, өз істеріне атүсті қарағандығы дәлелденсе мәселе олардың пайдасына шешілмейтінін кесіп айтты.
«Бұлай болуы мүмкін емес, бұлай болмайды да. Біз бұл істі назарға аламыз. Нақты нәтиже шыққанға дейін сіздермен бірге боламыз» деді халық қалаулысы.