
Бүгін Алматыда Nur Otan партиялық бақылау комиссиясы жергілікті атқару органдарының өкілдерімен біріге отырып қаланың дәріханаларында мониторинг жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тексеру нәтижесінде кейбір дәрілік заттардың бағасы негізсіз көтерілгені анықталды.
Мәселен, Наурызбай ауданында цианкобаламин дәрумені бекітілген бағадан 30%-ға қымбат болған. Алатау, Түрксіб аудандарында Циклоферон мен Амбробене 10%-ға қымбат сатылған.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша түсініктемелер жазылды. Хаттамалар құзырлы органдарға тапсырылды.
Айта кету керек, Қазақстанда ҚР ДСМ жылына екі рет дәрілік заттардың көтерме және бөлшек сату бағасына шекті баға бекітеді.
«Бүгінде жұмыссапары барысында біз 3 ауданды араладық. Өкінішке орай 3 дәріханада дәрі бағасының негізсіз көтерілгенін анықтадық. Бұл қазіргі пандемия кезінде мүлде болмайды. Кәсіпкерлерге, дәріхана иелеріне айыппұл салынатынын ескертемін», - деді партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Ержан Жұмағұлов.
