30 мам, 2023 сағат 19:39

Nomad MMA: "Бабалар рухымен өмір сүреміз"

Фото: Tengrinews.kz

10-11 маусымда алғаш рет Астана қаласында NOMAD MMA аралас жекпе-жектен Қазақстан Республикасының кубогы өтеді. Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 12 және одан жоғары жас санаттары бойынша үздік атағына таласатын спортшылар қатысады деп күтіліп отыр.

Қазақстандық спорт түрі NOMAD MMA халықаралық кеңістікте қарқын дамуда. Бүгінгі таңда Қазақстандық спорт түрінен NOMAD MMA дүниежүзілік федерациясы құрамына 22 мемлекет кіреді: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Украина, Оңтүстік Корея, Германия, Израиль, Сербия, Алжир, Пәкістан, Иран, Үндістан, Ауғанстан, Бангладеш, Беларусь, Әзірбайжан, Мысыр, Зимбабве, Нигерия, Түркіменстан.

Өз кезегінде Республикалық федерацияның өкілдіктері еліміздің барлық аймақтарында жасақталған. Құрылымға 157 жаттықтырушы, 13 мыңнан астам спортшы кіреді.

Биылғы жылы аймақтық өкілдік елордамен толықтырылды – алдағы турнирдің иесі болып табылатын Астана қаласындағы NOMAD MMA федерациясы құрылды.

«Астана федерациясы алда көп жұмыс күтіп тұрған жас ұйым, бірақ біздің командада үлкен тәжірибе мен қажетті құзырет бар және біз алдымызға өршіл мақсаттар қоямыз. Жастарымыз арасында спортпен, оның ішінде жекпе-жекпен шұғылданатындар санының артып келе жатқанына өте қуаныштымын! Біз ауқымды шара өткізіп, қазақстандық NOMAD MMA спортының барлық сұлулығын көрсеткіміз келеді», - деді Астана қаласы бойынша NOMAD MMA федерациясының президенті Ілияс Есмағұл.


«NOMAD MMA толық контактілі жекпе-жек спорт түрі болғанына қарамастан, оны дамытудағы басты мақсаттарымыздың бірі спортшылардың, әсіресе жас спортшылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, сондықтан ережелер мен жабдықтар жүйесі ең төмен жарақат көрсеткіштіріне көзделген векторымен ескерілген. Әрине, біз түркі жауынгерлерінің көне дәстүрлері мен қазіргі әлем бейнелерін ұштастырып, рухани мәдени құндылықтарды, отаншылдық сезімін оятып, еліміздің рухы мен тәні мықты азаматтарды тәрбиелеу үшін спортшыларды жан-жақты дамытуға ұмтыламыз.

Әрине, мұндай жарыстарда, қатал бәсекелестік арқылы біз халықаралық турнирлерде еліміздің ең мықты өкілдерінен құралған команда жасақтаймыз, онда біз қазақстандық спортшылардың жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, жалпы алғанда қазақстандық брендімізді әлемге танытамыз», - деді Республикалық NOMAD ММА федерациясының вице-президенті Юрий Белянин.