25 жел, 2019 сағат 15:17

Ноғаев: Биыл елімізде 125 мың тонна хош иісті көмірсутектер өндіріледі

Биыл елімізде 125 мың тонна хош иісті көмірсутек өндіріледі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта республикада жағармайларды, жол битумдарын, хош иісті көмірсутектерді, сондай-ақ полипропилен мен бензинге арналған қоспаларды шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Отандық мұнай-газ-химия саласындағы маңызды қадам биыл Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектер - бензол, параксилол өндірісінің басталуы. Осы жылы 125 мың тонна хош иісті көмірсутегілер өндіріледі деп күтіледі», - деді министр бүгін мұнай-газ-химия саласын дамыту мәселелері бойынша кездесуде.

Оның дерегінше, жол битумының өндірісі 2014 жылмен салыстарғанда 450 мыңнан 900 мың тоннаға дейін, яғни екі есеге артты. Бұл автожол саласының битумға деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

«Сондай-ақ, осы жылдың маусым айында Алматы облысында қуаты жылына 100 мың тоннаны және құны 94 млн АҚШ долларын құрайтын жағармай өндіретін зауыт іске қосылды. Зауыттың іске қосылуы ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оны алыс-жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, соңғы жылдары әлемдік мұнай-химияда газды шикізат ретінде пайдаланатын кешендер құрылысының ұлғаю үрдісі байқалады. Бұл әлемдік нарықтағы мұнай бағасының газға қарағанда едәуір жоғары болуымен байланысты. Осыған орайда, республикада іске асырылып жатқан полипропилен мен полиэтилен өндірісі бойынша газ-химиялық кешендердің өзектілігі одан сайын артып келеді. Дәл осы полиэтилен мен полипропилен барлық полимерлерді әлемдік тұтынудың 60 пайыздан астамын құрайды», - деді Нұрлан Ноғаев.

Министр дерегінше, Атырау облысында мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қуаты 500 мың тонна полипропилен және қуаты 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін газды тереңдетіп өңдеу бойынша 2 ірі жоба іске асуда. Осы жобалар бойынша инвестициялар көлемі шамамен 9 млрд АҚШ долларын құрайды. Құрылыс кезеңінде кемінде 6000-нан астам жұмыс орны және пайдалану кезеңінде 1000 жұмыс орны құрылатын болады.

«Бірінші жоба полипропилен өндірісі бойынша өткен жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмысы 52 пайызға орындалды. Құрылыс кестеге сәйкес жүзеге асырылуда, зауытты іске қосу 2021 жылға жоспарланған. Полиэтилен жобасын әлемнің ең ірі полимерлер өндірушілерінің қатарына кіретін австриялық Borealis компаниясымен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр. Екі жобаның ЖІӨ-ге жиынтық үлесі 1,5 пайыз деп күтіледі», - деді ол.