31 қаң, 2017 сағат 10:53

Н.Назарбаев: Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы өз жолдауында: "Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс", деді.

Сонымен қатар, Қазақстан астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуы керектігін айтты.

"Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз", деді Елбасы.

Мемлекет басшысы осы мақсаттарға қол жету үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар берді:

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;

үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;

бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.

Сондай-ақ, Президент ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет екені айтылды.