10 мам, 2022 сағат 11:54

New York Times: Ресейдің нысананы дәл көздейтін қаруының тиімділігі шамалы

Спутниктен түсірілген суретте Қара теңіздегі Севастополь портында тұрған Ресей әскери теңіз күштерінің сүңгуір қайығына әлдебір затты тиеп жатқаны байқалады. 29 сәуір 2022 жыл.

Ресейдің Украинадағы соғыста нысанаға тура тиеді деген қаруы, өзін-өзі дәлдейтін зымырандары мен бомбалары техникалық деңгейі төмен екенін көрсетті. Оның үстіне мұндай қарудың Ресейдегі қоры күрт азайып кетті, - дейді аты-жөні аталмаған Пентагон қызметкерлері New York Times газетіне берген сұхбатында.

Америка деректеріне қарағанда, [Ресей күштері] 2 мамырға дейін Украина аумағын осындай қарумен 2100-ден астам рет атқылаған. Мұндай қарудың жетіспеуі себебінен оны қолдану екінші аптада-ақ айтарлықтай азайған, әрі қазір Ресей негізінен кәдімгі бомбаларды қолдануға көшкен дейді газеттің Пентагондағы ақпарат көзі.

Ресей ұшқыштары әдетте жердегі нысаналарды тез ажыратып тауып, оларды зымыранмен дәл көздеп ата алмайды. Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін Ресейдің жоя алмауы, өз әскери әуе күштерін әуеде басымдықпен қамтамасыз ете алмауы ішінара осындай себеппен түсіндіріледі. Украинадан тыс жерден Украина аумағына атылған зымырандар көп жағдайда нысанаға тимей мүлт кетеді не жарылмай қалады.

Ресей мұндай қаруды жасау жөніндегі тыңғылықты жұмысты – бұл жағынан АҚШ-тан 20 жылдан астам уақытқа артта қалып – тек кейінгі екі онжылдық ішінде ғана қолға алды. Сириядағы соғыс барысында Ресей өз-өзін дәлдей алатын қаруды сәтті пайдаланды, бірақ бұл тым шектеулі әрі жасанды жағдай аясында іске асырылған еді, яғни, ол кезде Ресей ұшқыштарының ондай қару қолдануына ештеңе бөгет болмады, ал Украинадағы ахуал басқаша, мұнда аталған ұшқыштарға Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен Украинаның жойғыш ұшақтары қауіп төндіреді.

Ресей Украинада бомбалаушы ұшақтардан ұшырылатын басқарылатын қанатты Х-101 зымыранын, "Искандер" және "Точка" баллистикалық зымырандарын әрі кемеден ұшырылатын "Калибр" қанатты зымырандарының аздаған мөлшерін қолданып отыр. АҚШ сарапшыларының пікірінше, ресейлік мамандар қанатты зымырандарға бағыт сілтеп, ұшудың өзге де көрсеткіштерін көрсетіп беретін тиісті бағдарлама-нұсқаулықтарды жасауда қабілетсіздік танытқан. Украинада мұндай қаруды кең ауқымда қолдануға тырысу әрекеті бұл қаруды даярлаудың Ресейде әлі күнге "балалық кезеңнен аспағанын" көрсетіп отыр дейді New York Times сөйлескен әскерилер.


Азаттық