02 мау, 2020 сағат 07:41

Netflix, Nike, Adidas расизмге қарсы наразыларды қолдады

АҚШ-тың банк, технология, сән және шоу-бизнес саласындағы ірі компаниялары нәсілшілдікке қарсы наразыларға қолдау білдірді.

Стриминг қызметін ұсынатын Netflix компаниясы Twitter-де “Үндемеу сыбайлас болумен бірдей. Қара нәсілділердің өмірі маңызды. Біздің платформамыз бар, біздің қара нәсілді көрермендеріміздің, қызметкерлеріміздің, авторларымыздың, таланттарымыздың алдындағы жауапкершіліміз және бар” деп жазды.

Google компаниясы өзінің іздеу жүйесінде барлық нәсіл тең деп мәлімдеді.

“Расизм әлі де қоғам ауруының қайнар көзі болып отыр. Осы жағдай өзгермейінше, Америкада сонша дәріптелетін еркіндік пен теңдік идеалдары қолжетімсіз қала бермек” деді Citibank-тің қаржы директоры афроамерикалық Марк Мэйсон өз блогында.

АҚШ-тағы ірі ретейлер Target қарсылық шеруі кезінде көптеген қалада дүкендері тоналса да, наразыларды қолдады. Компания басшысы Джордж Флойдтың өлімі “жылдап жиналған жараны” ашты деді. Компанияның штаб-пәтері Флойд қаза тапқан Миннеаполис қаласында орналасқан.

Спорттық киімімен танымал Nike Twitter-де “Расизмге көз жұма қарамаңдар. Бізде бейкүнә жандарды өлтіретініне мойынсұнбаңдар. Желеуге жол бермеңдер” деген мәлімдемесі бар видео-ролигін жариялады. Nike-тің бәсекелесі Adidas осы твитті бөлісті.

АҚШ-тың ондаған қаласында нәсілшілдікке қарсы наразылық шерулері өтіп жатыр. Наразылық Миннесота штаты Миннеаполис қаласының тұрғыны Джордж Флойд 25 мамыр күні полиция қолынан қаза тапқаннан кейін басталды. Полиция дүкеннен темекі сатып аларда жалған ақша қолданды деген күдікпен 46 жастағы Флойдты тұтқындамақ болып, қолына кісен салады да, жерге жатқызады. Флойд ешқандай қарсылық танытпаса да, тұтқындауға келген төрт полицейдің бірі Дерек Шовин оның мойнын тізесімен басып, сегіз минуттай отырған. Шовин Флойдтың бірнеше рет "дем ала алмай жатырмын" дегенін елемеген. Сол жерде есінен танған Флойд ауруханада көз жұмған. Полицияның Флойдты дәл осылай тұтқындауы видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тез тарады. Қаза тапқан Флойдтың нәсілі қара, оны ұстауға келген төрт полицейдің нәсілі ақ болғандықтан, жұрт мұны нәсілшілдік деп қабылдап, жаппай шеруге шыға бастады.