Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ә. Смайылов Ұлттық банктің мәліметінше, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы шамамен 50 млрд теңгені құрайды, бұл кепілсіз тұтынушылық несиелері бар 5 млн 46 мың азаматқа тиісті.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарының теңгерімінде тұрған айыппұлдар мен өсімпұлдар ғана алынады.
Оның айтуынша, екі жағдай туындауы мүмкін. Біріншісі — банк сотқа дейінгі реттеу аясында коллекторлық ұйым құқын қарызды өндіріп алуға береді, бірақ ол құқықтарды қайта бермейді. Сонда бұл талап құқықтары банкте қалады. Яғни, бұл айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады. Екінші жағдай — бұл құқықтарды банктер немесе микроқаржы ұйымдары коллекторлық ұйымдарға сатып, олар банк активтері болмағандағы жағдай. Тиісінше, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылмауы мүмкін.
Ә. Смайыловтың айтуынша, банктер айыппұлдар мен өсімпұлдарды алып тастауды бастады. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша Қаржылық қолдау қоры есептен шығарылған соманың 30%-ын қаржы ұйымдарына төлейді. Яғни, банктер айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруда жүктеменің 70% өзіне алады.