19 сәу, 2021 сағат 07:12

Неміс басылымы Қырымдағы әскери лагерьлердің суретін жариялады

Немістің Der Spiegel басылымы Мәскеу аннексиялап алған Қырымда Ресей әскері шоғырланған лагерьлердің спутниктен түсірілген суреттерін жариялады. Журнал лагерьлердің 15 наурыз бен 2 сәуір аралығында пайда болғанын жазады. 

"Марфовка елді мекенінен шамамен 30 шақырым жерде Ресей әскери база орнатып алған. 15 наурызда бұл аумақта ештеңе көрінбеген, 2 сәуірге қарай күн сайын құрылыс пен техника саны арта берді" делінген мақалада. Лагерьде мыңнан астам автомобиль мен өзге техника бар. 

Conflict Intelligence Team (CIT) зерттеу тобының мәліметінше, эшелондардың бағыты мен әскери колонналар түсіп қалған кадрларға қарағанда лагерьде Солтүстік Кавказдың 58-әскери бөлімі орналасқан. 

Оңтүстік әскери округының баспасөз қызметі жақында Қырымға әскер жіберетінін хабарлаған. CIT лагерьде танк, "Мста-С" артиллерия жабдығы сияқты ауыр техника жоқ екенін атап өтеді. Соған қарағанда лагерьдің қалған бөлігі басқа аумақта орналасқан. 

CIT Қырымға Псковтан 76-десанттық дивизиясының келгені жайлы ресми түсініктеменің жоқтығына да назар аударады. Десанттар мен техника эшелоны Симферопольдің солтүстігінде байқалған. Бірақ ол Феодосияға шоғырлануы тиіс тағы бір бөлім – 56-десанттар полкі болуы мүмкін. 

  • Ресей билігі Украинамен шекарада және Қырымда әскер көбейтуді қауіпсіздік шарасы деп түсіндіреді. Бұған дейін Донбастағы Ресей қолдайтын сепаратистер Украина әскерінің шабуылынан қауіптенетінін мәлімдеген. Киев шабуыл жайлы ақпаратты жоққа шығарады. 
  • Украина билігінің мәліметінше, Ресей соңғы апталарда аймаққа шамамен 80 мың сарбазын әкелген, 40 мыңы Қырымға жіберілген. Бұған Батыс, НАТО мүшелері алаңдаушылық білдірген. Украина президентімен келіссөз жүргізген Германия мен Франция жетекшілері Мәскеуді жағдайды ушықтырмай, әскерді алып кетуге шақырған.

Азаттық