Әлеуметтік желіде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азия-Еуропа» форумының 12-ші саммитіне қатысқан сәті бейнеленген видео таралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Президентінің Телерадиокешеніне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Брюссельде «Азия-Еуропа» (АСЕМ) форумының 12-ші саммитіне қатысты.
Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронмен, Бельгия Королі Филиппен, Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы (WTCA) басқарма төрағасының орынбасары Рольф Драакпен және «Nest Investments HOLDINGS» компаниялар тобының корпоративтік қызметтер жөніндегі директоры Мехран Эфтехармен, Жапония және Корея елдерінің басшыларымен кездесті.
Мемлекет басшысы саммиттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қақтығыстардың көбеюі, санкция және сауда соғыстарының өршуі жағдайында халықаралық саясат шиеленістің шегіне жетіп отырғанын атап өтті.
«Біз бүгінгі «Азия-Еуропа» форумының саммитін осы проблемаларды шешу үшін пайдалануымыз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде әлем табысты диалог пен өзара түсіністікке қол жеткізе алмай келеді. Бәріміз өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Кариб дағдарысын еске салатын бүгінгі экономикалық және саяси текетірестерге куә болып отырмыз», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл саммит АҚШ, Ресей, Қытай сияқты әлемнің ірі елдерін, Еуропа одағын халықаралық шиеленістерді шешудің жолын іздеуге шақыруы қажет екенін айтты.
«Егер Сириядағы, Украинадағы және өзге де елдердегі проблемаларды реттемесек, ахуал одан да күрделене түседі. Баллистикалық ракеталардың таралу қаупі сейілмейінше, халықаралық терроризм басты мәселе болып қала бермек», - деді Мемлекет басшысы.