Сенатор Дариға Назарбаева Ләззат Қиыновтың мұнай саласынан кетіп қалуына байланысты өкініш білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен өткен кездесуде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын алып-сату кезінде бағаның қымбаттауына қатысты мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов көтерме бағамен сатылатын орталықтарды құру жайында айтты.
Ал сенатор Ләззат Қиынов осы мәселеге қатысты күмәні бар екенін айтып өтті.
"Олар бұл проблемаларды шеше алмайды, яғни, олар сауда нүктесінің әрқайсысын бақылай алмайды. Мұнай саласында жұмыс істегенде, біз әрбір сауда нүктесіне бағаны 3-5 пайыздан асырмауды айтқанбыз. Олар ережені бұзған жағдайда, біз оларға отын бермейтінбіз. Бұл жерде барлығын заңды түрде жасау керек", - деп кеңес берді сенатор.
"Сіздің кеткеніңіз өкінішті, бензин арзан болар ма еді", - деді өз кезегінде Дариға Назарбаева.
Айта кетейік, Ләззат Қиынов мұнай саласында 1971 жылдан бастап жұмыс істеген. Ал 2002 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы қызметіне келді. 2013 жылға дейін ұлттық компаниядағы түрлі қызметтерде болды. 2013 жылы Қазақстан Парламентінің Сенатының депутаты қызметіне келді.