31 нау, 2021 сағат 16:46

Назарбаев түркі кеңесінің бейресми саммитінде латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді

Латын әліпбиі түркі әлемінің ортақ жүйесін қалыптастырады. Бұл туралы Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз мәдени-гуманитарлық дамумен бірге бір-бірімізден көп нәрсе үйрене аламыз. Латын әліпбиін қолдану ортақ жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз жастарды жаһандық деңгейде дамытуға мүмкіндік аламыз», - деді Елбасы. 

Сонымен қатар Назарбаев корнавирус пандемиясының салдарына тоқталып, әлем елдері қиындықтарға тап болғанын атап өтті. 

«Коронавирус әлі таралып жатыр. Өткен жылы пандемиядан келген шығын 8,5 триллион долларды құрады. 800 миллион адам сан алуан қиындыққа тап болды. Бұған дейін дағдарыстар болды. Алайда пандемияның салдары әлдеқайда қатты болып тұр», - деп атап көрсетті Назарбаев.

Саммит барысында ҚР Тұңғыш Президенті өзін Түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде сайлағаны үшін ұйымға мүше елдердің басшыларына алғысын айтты.

Айта кетейік, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитін Түркістан қаласында өткізу жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты іс-шараны онлайн режимде ұйымдастыруға шешім қабылданды. Саммит кезінде ұйымға мүше Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан президенттері сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие. Осы жолғы саммитке Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов та құрметті қонақ ретінде қатысып отыр.

Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтары мен кеңестің мәртебесі бойынша бірлескен декларация қабылданады.