АҚШ Президенті Дональд Трамптың әлем экономикасының фрагменттелуіне қарсы болуы ұнайды. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Фэйсбуктегі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сұхбат барысында Президент агенттік тілшілеріне: «Алыстан орағытпай, 20-шы жылдан кейін де билік басында қаласыз ба?» деп тікелей сұрамайсыздар ма» дей келе, бұл сауалға бірден жауап берді.
«Адамның өмір сүру ұзақтығы қанша екендігін болжау өте қиын. Мен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келемін, бұл өздеріңізге де мәлім. Сол үшін сынға да ұшыраймын. Көп жұмыс істеу керек пе, аз жұмыс істеу керек пе? Барлық мәселе сенің қаншалықты тиімді жұмыс істеуіңде. Өз қызметіңмен халқыңа, еліңе пайда әкелесің бе, әкелмейсің бе? Барлық мәселе осында деп санаймын. Егер де біздің заңымыз мен Конституциямызға келер болсақ, онда ол маған мұнан ары да кандидатурамды ұсынуға рұқсат береді. Бірақ, 20-шы жылдан кейін не боларын мен сіздерге айта алмаймын. Өйткені, ол көптеген факторларға байланысты», - деді Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы АҚШ-тағы президенттік сайлаудың қорытындысына да тоқталды.
«Трамп мырзаның ұсыныстарынан маған не ұнайды? Маған оның әлем экономикасының фрагменттелуіне қарсы болуы ұнайды. Қараңыздаршы, таза саяси тұрғыда не орын алып жатыр? Транстынықмұхиты ынтымақтастығы. Бұл бір. Онда Америка Құрама Штаттары бар. Трансатлантикалық туралы сөз болды. Онда Америка мен Еуропа бар. Сонда ортасындағы біз қайда қалдық? Картаға қараңыздар, Ресей, біздің барлық өңір, Қытай, Үндістан, Пәкістан анда да жоқ, мұнда да жоқ. Бұл ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымы немесе Үлкен Еуразиялық бірлестік аясында бірігуге тура келеді», - деді Мемлекет басшысы.