Бүгін Республикалық жастар форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің елең-алаңында Парламентті не үшін бірнеше мәрте таратып жібергенін түсіндірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазір бұл зал осы жерге жиналған 1,5 мың жас қазақстандықтың позитивті энергиясына толы. Сіздер тәуелсіздік құрдасысыңдар. Сіздер әкелерің мен аналарың өмір сүрген бұрынғы кеңестік жүйе жайында және Қазақстанның даму бастауындағы қиындықтардан ештеңе білмейсіздер. Сіздер басқа өмірді білмейсіздер. Бірақ, тәуелсіздіктің тек бізге ғана емес, барлық халықтар үшін оңай келмейтіндігін, үлкен қиындықтармен келетіндігін білуге тиіссіздер», - деп атап өтті Елбасы.
Мемлекет басшысы еліміздің егемендігінің қиын-қыстау кезеңінде инфляция өршіп, жұмыссыздық белең алғандығын, кәсіпорындар тоқырап, зейнетақы, жалақы болмағандығын баса айтты. Ел дамуының елең-алаңындағы қиындықтар жайында да сөз қозғады.
«Барлық жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келді және ескі жүйе бойынша сайланған Парламент жаңа реформалар жүргізуге қарсылық танытты. Оларды айыптауға да болмады. Олар өзге формацияның адамдары еді. Жекешелендіру, нарық, еркін экономика және саясат сынды сөздер түсініксіз болды әрі олар қолдамады. Міне, сол бір буырқанған жылдары биліктің күрделі текетіресі жағдайында Парламентті бірнеше мәрте таратуға және барлық жауапкершілікті өз мойныма алып, 5 айдың ішінде заңды күші бар 147 заң, президент Жарлығын дайындап шығаруға тура келді. Дәл осы жайт Қазақстанның басқа посткеңестік елдерге қарағанда бірнеше қатар алға жылжуына септігін тигізді», - деді Назарбаев.