Президент Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовтің қызметінің ауысуын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы алдымен елде соңғы уақыттары орын алған ауыс-түйістерге тоқталды.
«Кейбір кадрлық ауыс-түйістер орын алды. «Бәйтерек» қорында заң бұзушылық пен қаржылық тәртіп бойынша тергеу жүргізіліп жатқандықтан, оның бұрынғы басшылығы мен Ұлттық экономика министрі қызметтерінен босатылды. Соған байланысты, министрлік басшылығына Тимур Сүлейменов тағайындалды, өте білімді, дайындығы мықты, шетелде жоғары білім алған, ағылшын тілін игерген. Тимур Сүлейменов Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақта қызмет етті. Меніңше, бұл таңдау жаман таңдау емес. Денсаулық сақтау министрлігінің алдында үлкен міндеттер тұрғандықтан, Әлеуметтік даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрліктерін бөлуді шештік. Министр болып Елжан Біртанов тағайындалды. Ол да жас, дайындалған, мықты мектептен өткен азамат, Денсаулық сақтау министрлерінің орынбасарлығына екі мәрте тағайындалған. Медицина маманы және менеджер ретінде медициналық сақтандыру қорын құру ісін жақсы қолға алып, халыққа түсіндіру жұмыстарын ойдағыдай өткізеді деген сенімдемін. Бұл әр азаматқа тиімді деп санаймын. Ол министрлікте тәртіп орнатады деген ойдамын», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент Марат Тәжиннің Астанаға оралуына, Тасмағамбетовтің Ресейдегі Қазақстан елшілігіне ауысуына қатысты пікір білдірді.
«Тағы бір үлкен ауыс-түйіс орын алды, Ресейдегі Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Марат Тәжин Президент аппаратына өтті. Осыған орай, менімен бірге көп жылдар бойы қызмет еткен Иманғали Тасмағамбетовті Қазақстан елшісі етіп тағайындадым. Ол өзі дәл осы қызметке, нақ осы Ресейдегі елшілікті басқаруға сұранды. Меніңше, бұл жақсы шешім, себебі Мәскеу біздің ең басты серіктесіміз, жақын көршіміз бен одақтасымыз. Ол жерде беделді, Қазақстандағы және Ресейдегі жағдайды білетін адам отыруы тиіс. Мен осының барлығы біздің ісіміздің, еліміздің игілігіне жарайды деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президенттің Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң Иманғали Тасмағамбетовты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясынындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындау жөнінде шешім қабылдағандығын жария етті.